Малайзияда оқып жүрген 17 жастағы қазақстандық студент Нұрай Қадыр пневмониядан көз жұмды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы POLITICO.KZ-ке сілтеп.

Нұрай Қадыр Қытайдың Xiamen университетінің Сепанг қаласындағы кампусында білім алған. Оның өліміне байланысты әлеуметтік желілерде бірнеше студент пен блогерлер бейнемәлімдемелер жасап, университет әкімшілігін студенттерге салғырттық танытты деп айыптауда.

“Нұрай бірнеше күн бойы жоғары температурамен жүрген. Ол бірнеше рет кураторлар мен университет әкімшілігінен медициналық көмек сұраған. Алайда ешқандай шара қолданылмаған. Температурасы 39,5 градусқа жеткенімен, оған назар аудармады. Жағдайы тым нашарлаған кезде ғана клиникаға жеткізілгенімен, бұл кеш болды,” – дейді Нұраймен бірге оқыған студенттердің бірі.

Қазіргі таңда әлеуметтік желі қолданушылары Нұрайдың өліміне кінәлілерді анықтап, тиісті шара қолдануды талап етуде.

Қазақстандық қоғам белсенділері мен студенттер Xiamen университетінен ресми түсініктеме күтуде. Ал қазақстандық елшілік бұл жағдайды бақылауға алғанын хабарлады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!