Павлодар облысының Ертіс ауылында жер үйден өрт шығып, кәмелетке толмаған екі бала қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тілсіз жау туралы хабар «101» қызметіне бүгін таңғы сағат 08:33-те түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына үш минутта жеткен. Олар келген кезде жер үй толығымен отқа оранған: жиһаз, тұрмыстық заттар мен шатыр жанып, қою түтін шыққан.
«Қиын жағдайға қарамастан, өрт сөндірушілер алғашқы минуттардан-ақ зардап шеккендерді іздеуге кірісті. Олар кәмелетке толмаған үш баланы құтқарып, жедел жәрдем бригадасына тапсырған. Тағы бір бала өрт сөндірушілер келгенге дейін құтқарылған. Алайда, өкінішке қарай, екі бала ауруханада көз жұмды», – деп мәлімдеді Павлодар облысының ТЖ департаменті.
Жалын 50 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
