Петропавлда 4,5 миллион теңгесін «балгерге емделемін» деп берген әйелдің сенгіштігі сот ісіне ұласты. Құрбысының алдауына түсіп, қарызға батып қалған тұрғын енді әділдік іздеп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға өткен жылдың қазан айында басталған. Лариса Долгушина есімді әйелге құрбысы Елена Бекетова «тағдырды емдейтін» сыған балгер «баба Катяны» ұсынып, арада делдал болған. Лариса «баба Катямен» тікелей сөйлеспеген, тіпті оны көзімен де көрмеген. Барлық байланыс құрбысы арқылы жүріп отырған. Ол суреттер мен жеке заттарын «кармасын тазарту үшін» Бекетоваға жіберіп отырған.
Кейіпкердің өз қаражаты болмағандықтан, ол қарыз алып, несиелер рәсімдеген. Барлық ақшаны «қарғысты кетіру», «балау», «қасиетті жерлердегі дұға» сияқты рәсімдерге төлеген. Бір қызығы, әйелдің отбасындағы жағдайлар шынымен түзеле бастағандай көрінген. Сондықтан ол «балгердің көмегі шынымен әсер етіп жатыр» деп сенген.
Алайда бір күні Лариса «баба Катямен» тікелей кездесуді сұрағанда, «балгердің» кенеттен қайтыс болғаны жайлы хабар естіген. Сол кезде ғана әйелдің күдігі оянып, бар шындықтың мәнісін түсіне бастаған.
«Ең үлкен қателігім туыстарыма айтпағаным. Ұялдым, қорықтым. Ал шын мәнінде балгерге емес, психологқа бару керек еді», – деді Лариса.
Шындығы ашылған соң әйел сотқа жүгінген. Ол құрбысымен татуласуға дайын болған, тек барлық қарызды қайтарса жеткілікті еді. Бірақ Елена Бекетова «ақшам жоқ» деп бас тартқан.
Айта кетейік, бұл Бекетованың алғашқы алаяқтық ісі емес. 2024 жылдың тамызында ол туған тәтесінен сенімге кіріп, шамамен 1 миллион теңге алып кеткені үшін сотталған болатын. Сол кезде сот оған төрт жыл бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Биылғы іс бойынша судья Азамат Ашимов үкім шығарды.
«Еленаны Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танып, үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады», – деді судья.
Айта кетейік, бұрынғы соттылығы үшін тағы бір жыл қосылып, жалпы төрт жыл түрме жазасы белгіленді. Бірақ оның екі кішкентай баласы бар болғандықтан, сот үш жылға жазаны өтеуді кейінге қалдырды. Айыпталушының өзі мұндай шешімді күттім дейді, бірақ үкім шыққан бойда колонияға жөнелтіледі деп ойлаған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
