Қарағандыда полицейлер инсульттан кейін есінен танып қалған жүргізушіні құтқарды, деп хабарлайды «Адырна» порталы ҚР ІІМ ресми интернет-ресурсына сілтеп.
«Қиылыста біз жол жиегіндегі бордюрға шығып кеткен көлікті көрдік. Оталып тұрған көлік бордюрға ілініп, бір дөңгелегі айналып тұрды. Көліктің есігі құлыптаулы еді. Алдыңғы жолаушы жағындағы әйнекті сындырып, салонға үңілдім. Әріптесім екеуміз көлік тізгініндегі ер адамды сыртқа алып шықтық. Оның инсульт алғаны анық болды, себебі жүргізушінің денесі құрысып, ал тілі тыныс алу жолын бітеп тастапты. Біз мұндай жағдайларда қалай әрекет ету керектігін білдік және ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Ол біздің көз алдымызда есін жия бастағанда, жеңіл дем алды. Осыдан кейін ер адам медициналық мекемеге жеткізілді», — дейді патруль қызметкері Мұқажан Ақжаркен.
Полицеймен бірге тағы бір патруль Берік Кеңесов болды. Оқиға 8 наурыз күні болған. Қарағандының 19-ықшамауданындағы қиылыстардың бірінде орын алған төтенше жағдай туралы полицияға тағы бір көлік жүргізушісі хабарлаған.
Дәрігерлердің айтуынша, ес-түссіз жатқан жүргізушінің өмірі қыл үстінде болған.
«Бірнеше минутқа кешіксе, бәрі де кеш болар еді. Қазіргі уақытта дәрігерлер науқастың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр», – делінген хабарламада.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!