Фото: видеодан кадр/ t.me/qr_tjm

Атырау облысындағы Құлсары қаласынан Маңғыстау облысына 5 мыңға жуық жергілікті тұрғын эвакуацияланды. Оның 214-і бала. Барлық тұрғындар алты уақытша эвакуациялау пунктіне орналастырылды деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәліметке сүйенсек, Маңғыстау облысында азаматтарды қабылдау үшін барлығы 83 мың адамға есептелген екі жүзден астам эвакуациялық пункт құрылған.

Бұған дейін Атырау облысы, Жылыой ауданында су тасып жатқанын, Ақтөбе облысындағы Мұғалжар тауынан келетін табиғи су Жылыой ауданына қатер төндіргенін жазған едік.

4 сәуірде ауданда төтенше жағдай жарияланды.

Ал кеше Төтенше жағдайлар министрлігі сағат 22.45-тегі жағдай бойынша 2500-ге жуық жеке тұрғын үй мен әкімшілік ғимаратты су басқанын мәлімдеді.4 мыңнан астам адам , оның ішінде 1 мыңнан астам бала эвакуацияланған. Бұған қоса Жем өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Жылыой ауданының «Доссор-Құлсары-Ақта» республикалық маңызы бар автожолының 103-104 км су жүргені мәлім болды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!