SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семей қаласындағы балаларға арналған ойын-сауық орталығында болған өрт дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы — өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісімен тіркелді.
Алдын ала мәліметке сәйкес, өрттің шығу себептері мен оқиғаға қатысы болуы мүмкін тұлғаларды анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы 4 наурыз, сағат 06:00-дегі жағдай бойынша медициналық көмекке барлығы 11 адам жүгінген. Оның төртеуі — балалар.
Балалардың бірі ауруханаға жатқызылған, қалған үш бала амбулаториялық ем алуға жіберілген. Ересектердің төртеуі стационарға орналастырылған, екі адам оқиға орнында тексеріліп, үйлеріне қайтарылған. Тағы бір адам дәрігерлік тексеруден бас тартқан.
Еске салайық, өрт 3 наурыз күні кешке ойын-сауық орталығында шыққан. Оқиға орнына алғаш болып полиция қызметкерлері жеткен. Кейін өртті сөндіруге Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі күштері тартылып, 120 құтқарушы мен 21 техника жұмылдырылды. Министрліктің жедел штабы құрылды. Сондай-ақ бес жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жіберілген.
Қазір өрттің нақты себебі анықталып жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
