26 ақпанда Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыс пен өрт салдарынан қаза тапқандар саны сегіз адамға жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бүгін “Авиценна Бурабай” ауруханасында науқастардың бірі көз жұмды. Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлер осы уақытқа дейін науқасты аман аып қалу үшін барын салған. Алайда да оны өлімнен арашалап қала алмағанын мәлімдеді. 

Қазір зардап шеккендердің барлығы медициналық мекемелерде ем қабылдап жатыр. Оның ішінде төртеуі Көкшетаудағы Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасында ем алып жатыр. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр. Әзірге оларды тасымалдау мүмкін емес екенін айтты. Бір науқас денесінің 85 пайызын күйік шалып, өте ауыр халде жатыр.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің айтуынша, төрт науқас санитарлық авиациямен, тағы біреуі реанимобильмен жеткізілген.

“Науқас жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған. Күн сайын штаттан тыс бас мамандардың қатысуымен консилиумдар өткізіледі. Мамандар эфферентті терапия әдістерін қолданып жатыр. Күнделікті Астанадағы Шұғыл медицина орталығына есеп беріліп отырады”, – деп мәлімдеді облыстық аурухана дәрігерлері.

Алайда қаладағы қайғылы жағдайды пайдаланып, алаяқтар да белсенді әрекетке көшті. Өздерін төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдар кәсіпкерлерге, негізінен дәмхана және басқа да қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне, қоңырау шала бастаған.

Алаяқтар алда тексеріс пен айыппұл болатынын айтып, шұғыл түрде “өрт қалқандарын” орнатуды ұсынады, жалған құжаттардың фотосуреттерін жіберіп, ақша талап етеді.

Кәсіпкерлер бір-бірін мұндай алаяқтар туралы ескертіп, ақша аудармауға және телефон арқылы берілген нұсқауларға сенбеуге шақырды. Олар ресми тексерістердің тек белгіленген тәртіппен, тиісті хабарламалар жолдау арқылы ғана жүргізілетінін атап өтті.

Күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда кәсіпкерлер дереу құқық қорғау органдарына жүгіну керек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!