26 ақпан күні Ақмола облысы Щучинск қаласындағы “Центр плова” дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, салдарынан 7 адам ажал құшты. Жарылыстың соңы алапат өртке ұласты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өрт сөндірушілер отқа оранған ғимараттан 8 газ баллонын алып шығып, 10-нан астам адамды эвакуациялады. 

Жедел деректерге сәйкес, барлығы 26 адам жарақат алып, 7 адам қаза тапты. Қаза тапқандардың ішінде 16 жастағы қыз бар. Зардап шеккен 19 адамның:

  • 13-і Бурабай аудандық ауруханасына
  • 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, зардап шеккен бес адам ТЖД мен денсаулық сақтау басқармасының санитарлық авиациясы арқылы Көкшетау қаласына жеткізілді. Тағы екі науқасты тасымалдау жоспарланып отыр.

“Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қосымша медициналық бригадалар жедел түрде жасақталды. Барлық қажетті ресурстар жұмылдырылды: мамандар, дәрі-дәрмектер, санитарлық авиация оқиға орнына бағытталды. Оқиға орнында облыстық жедел штаб жұмыс істеп жатыр”, – деп мәлімдеді Ақмола облысы әкімдігі.

Жарылыстың себептері анықталып жатыр. 

Ақмола облысының әкімдігі қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсететінін мәлімдеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!