Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары жер сілкінісін сезді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 25 мамыр күні таңғы сағат 07:40-та Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығының кезекшісінен Шығыс Қазақстан аумағында болуы мүмкін жер сілкінісі туралы ауызша ақпарат келіп түскен.

«Оқиғаның нақты уақыты мен орны нақтылануда. Қазіргі таңда алынған мәліметтер өңделіп жатыр», – делінген ведомство хабарламасында.

Кейін министрлік жер сілкінісінің Ресей Федерациясы аумағында тіркелгенін, оның дүмпуі Шығыс Қазақстанда сезілгенін нақтылады.

«2025 жылғы 25 мамырда Астана уақытымен 07:35:14-те ТЖМ қарасты «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу орталығы» ЖШС-нің сейсмикалық станциялар желісі жер сілкінісін тіркеді. Координаттары: 50.320° солтүстік ендік, 88.020° шығыс бойлық. Жер сілкінісінің эпицентрі Ресей аумағында, Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 1162 шақырым жерде орналасқан», – делінген жаңартылған ақпаратта.

Болжамды дүмпу күші:

Өскемен – 2 балл
Катонқарағай ауылы – 2 балл

«Қаза тапқандар мен қирандылар туралы мәлімет тіркелмеді», – деп толықтырды министрлік.

Бұған дейін қазақстандық сейсмологтар Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 434 шақырым қашықтықта жер сілкінісін тіркеген болатын. Кейін Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының Сейсмология институты бұл жер сілкінісінің магнитудасы 3,9 болғанын, эпицентрі Қырғызстан аумағында – Тоскоол ауылынан солтүстік-батысқа қарай 10 шақырым және Жалал-Абад қаласынан солтүстік-батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқанын нақтылады.

Жер сілкінісі Талдықорған маңында да орын алған.

Айта кетейік, 23 мамыр жұма күні Шерзат ісі бойынша сот отырысына қатысушылар тікелей эфирде жер сілкінісін сезген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!