Шымкентте оқу-жаттығу кезінде граната жарылып, бірнеше курсант жарақат алды. Бұл ақпаратты қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Шымкенттегі Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығында полицейлер оқу-жаттығу өткізіп жатқаны, оның барысында «күтпеген жерден шулы граната лақтырғаны» туралы ақпарат пайда болған. Бес адамның жараланғаны хабарланған еді.
«Бұл факті жоспарлы оқу-жаттығу шаралары кезінде орын алған. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады Шымкент қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар екі курсанттың әлі ауруханада жатқаны белгілі болды.
«Қазіргі уақытта екі курсант медициналық мекемеде емделіп жатыр, олардың жағдайы тұрақты», – делінген хабарламада.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!