Солтүстік Қазақстан облысындағы өрттен зардап шеккен сегіз адамның екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің сөзінше, науқастардың жағдайы тым ауыр. Екеуі де газ құю бекетінің қызметкері, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.
Оқыс оқиға кеше кешкісін Тайынша ауданы Ильичевка ауылындағы «Тайынша май» серіктестігінің аумағында болған. Сұйытылған газ тасымалдаған көлік өртеніп, жалын 50 шаршы метр аумаққа жайылған. Салдарынан жер астындағы 6 цистерна өртенген. Апаттың мән‑жайы анықталып, тергеу жүріп жатыр.
«Ауруханаға 1979 және 1994 жылғы екі науқас 2,3-ші дәрежелі күйікпен травматикалық шок жағдайында түсті. Біреуінің денесінің 80-85 пайызын, екіншісінің денесінің 35 пайызын күйік шалған. Олар жансақтау бөлімінде жатыр. Интенсив терапия жүргізіліп жатыр. Науқастарды Астана қаласындағы көпбейінді күйік бөліміне ауыстыру мәселесін қараcтырып жатырмыз. Тағы бір науқас ауруханаға жатқызылды, екеуі амбулаторияға жіберілді», – дейді Ақмола облысы көпбейінді ауруханасының дәрігері Нұржан Өтелбеков.
Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі кәсіпорында газ жарылып, тоғыз адам зардап шеккені хабарланды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!