Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі
Sputnik. Елдің бірқатар өңірінде су тасқынына қарсы күрес шаралары жалғасып жатыр.
Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы жұмыстарға ТЖД, жергілікті атқарушы органдардың 953 адамы, 411 техникасы жұмылдырылды. Облыс бойынша 351 мың текше метр еріген қар суы сорылып, 21440 дана инертті материалдары бап қаптар төселді.
Барлығы 455 тұрғын үй, 5 көпқабатты тұрғын үйдің жертөле үй-жайлары, 17 әлеуметтік нысан су астында қалды. Қорғаныс министрлігінің екі тікұшағы Қаратөбе ауданында құтқару жұмыстарына жұмылдырылды. Қазіргі уақытта Қоржын ауылындағы ауылдық мектепке 350 адам эвакуацияланды. Ақсу кентінде 46 үйден 150 адам эвакуацияланды.
ТЖМ 28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілері облыстың Жымпиты елді мекенінде төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға кірісті.
Әскери бөлімнің күштері жолдардың маңына қапшықтарды толтырып төсеу, тұрғын үйлердің көшелері мен аулаларынан еріген қар суларын айдау, сондай-ақ бас канал мен арық жүйесінің жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізуде.
Су тасқыны жағдайын бағалау мақсатында Абай облысының Ақсуат және Аягөз аудандарында «Қазавиақұтқару» МИ-8 тікұшағында аэровизуалды ұшу жүргізілді. Әкімнің орынбасары, облыстың ТЖД бастығы және аудан әкімі аудандардың аумақтарын, Боғас және Аягөз өзендерінің арнасын және Тарбағатай жотасының тау бөктерін зерттеді.
Тауларда қар еру процесі жалғасып, Боғаз, Аягөз өзендерінің тасуы, сондай-ақ автомобиль жолдары бойында еріген қар суының жиналуы байқалды. Қазавиақұтқару тікұшағымен Кіндікті ауылының тұрғындары үшін азық-түлік, бірінші кезектегі қажетті заттар мен дәрі-дәрмектер жеткізілді, Кіндікті ауылынан Ақсуат ауылына 25 адам, оның ішінде 4 бала тасымалданды.
28 наурыз кешкісін Аягөз өзенінің су деңгейі көтерілуі тіркелді. Осыған орай, сақтық шараларын сақтау мақсатында Аягөз өзеніне жақын орналасқан Төлендин көшесіндегі 43 жеке тұрғын үйден 172 адамды мектеп-интернат жатақханасына және жасөсіпірімдер спорт мектебіне алдын ала эвакуациялау басталды. Қазіргі уақытта тұрғындарды уақытша орынға жеткізу үшін 3 автобус бөлінген. Алайда тұрғындардың көпшілігі уақытша туған-туыстарының үйлеріне кетіп жатыр.
Сонымен қатар, Аягөз өзеніне жақын Ешмағанбетов, Шыңғожа батыр көшелерінің тұрғындарына сақтық шараларын сақтау ескертілді. Ескерту жұмыстарында – 324 тұрғын қамтылды. Сондай-ақ, Мамырсу ауылдық округінде судың деңгейі көтеріліп, сақтық шараларын сақтау мақсатында өзен жағасына жақын орналасқан 10 үйге, (оның ішінде 30 ересек, 40 бала) ескерту жұмыстары жүргізілуде. Эвакуация пункті дайын. Төтенше жағдай бойынша штаб құрылып, кезекшілік ұйымдастырылған.
Алматыда ауа-райының күрт нашарлауына және екпінді желдің 18-24 м/с дейінгі жылдамдыққа байланысты нөсер жаңбырмен бірге қаланың барлық ТЖ қызметтері мен коммуналдық кәсіпорындары күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды.
Жеке үйлердің аулалары мен төрт көшенің жекелеген учаскелерінде 38 жергілікті су тасқыны болды. Азаматтық қорғау қызметтері мен жергілікті атқарушы органдар су басу салдарын уақтылы жоюда. Қазіргі уақытта қаладағы жағдай тұрақты. Тіршілікті қамтамасыз ету объектілері штаттық режимде жұмыс істейді. Зардап шеккендер жоқ.
Шымкент қаласы ТЖД күштері мен құралдары Ақмола облысы Аршалы ауданына су тасқынына қарсы күресу үшін көмекке келді. 28 наурызда қалыптасқан жағдайға байланысты Шымкент қаласы ТЖД 40 құтқарушысы, 21 бірлік техникасы көмекке келді.
Адамдарды қаланың су тасқыны қаупі бар аудандарынан эвакуациялау үшін Ақтөбе облысы бойынша ТЖМ апаттар медицинасы орталығының резервтік бригадасы тартылды. 7 адам және 2 бірлік техника жұмылдырылды. Жұмыс барысында бригадалар эвакуацияланғандарды тексерді. Зардап шеккендер жоқ.
Солтүстік-Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп су тасқынына қарсы қарқынды жұмыстар жүргізіп жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!