Алматы облысының прокуратурасы Талғар ауданында полицейлердің зорлау күдігіне ілінген ер адамды босатып жіберу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Күдікті кейін жәбірленушінің ағасын өлтіріп, кішкентай қызын ұрлап әкеткен, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Облыс прокуратурасы Талғар ауданы ПБ қызметкерлерінің әрекетсіздігі (ҚК 370-бабы, 4-бөлігі) бойынша қылмыстық іс қозғады. Олар зорлау күдігіне ілінген ер адамды ұстауға қажет шара қолданбаған. Нәтижесінде күдікті Қызылқайрат ауылында ер адамды өлтіріп, кәмелетке толмаған қызды ұрлап әкеткен», – делінген хабарламада.
Қазір істі арнайы прокурорлар тергеп жатыр. Тергеу барысы облыс прокуратурасының ерекше бақылауына алынды.
«Прокуратура жалған ақпарат таратқандардың жауапкершілікке тартылатынын ескертеді және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады», – деп жазылған ресми мәлімдемеде.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа деректер жарияланбайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!