3 ақпанда Кентау – Түркістан тасжолының 5-шақырымында жантүршігерлік жол апатынан қайтыс болғандардың екеуі Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ студенттері екені белгілі болды. Екі студент сабаққа бара жатқан сәтте көлік апатынан көз жұмды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бүгін, 4 ақпанда жоғары оқу орнының ұжымы мен студенттері марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салды.

Бұл туралы жоғары оқу орнының ректоры Жанар Темірбекова желі парақшасында жазды.

«Кеше Түркістан – Кентау тасжолында болған ауыр жол апаты бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Қайғылы оқиға салдарынан аяулы студенттеріміз – Нұрай Қаратай мен Шұғыла Сейсенбектен айырылып қалдық. Бүгін университет ұжымы, оқытушылар мен студенттер марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салдық. Бұл – біз үшін орны толмас қаза. Өздеріңіз білетіндей, асыл дінімізде ілім жолында қаза тапқан жандарды «шейіт» деп атайды. Біздің қыздарымыз да сабаққа келе жатқан, болашағынан үміт күткен студенттер еді. Рухтары пейіште шалқып, төрлері жәннат болсын деп тілейміз! Олардың жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады. Марқұмдардың отбасыларына, жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Сабыр мен күш-қуат тілейміз. Алла алдынан жарылқасын!», – деп жазды университет ректоры.

Сондай-ақ осы жантүршігерлік апаттан Севинч Дастанова есімді студент ауыр жарақат алып, аураханада жатыр.

«Жол ережесін сақтамаудың салдарынан қаншама отбасы қара жамылып отыр. Жол – қателікті кешірмейді! Сондықтан, баршаңызды жолда сақ болуға, жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.Әрбір жүргізуші өз өміріне ғана емес, өзгенің де тағдырына жауапты екенін ұмытпаса екен. Қауіпсіздікті сақтайық!»Жанар Темірбекова

Еске салайық, 2025 жылғы 3 ақпанда Түркістан облысының Кентау – Түркістан тасжолының 5-шақырымында «Ауди» маркалы екі бірдей көлік соқтығысып, соңынан өрт шыққан еді.

Түркістан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жеңіл көліктердің бірінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып екіншісімен бетпе-бет соқтығысқан.

«Апат салдарынан алты адам қаза тауып, төрт адам түрлі дене жарақаттарымен Кентау қаласының медициналық мекемесіне жатқызылды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайлары анықталып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!