Фото: РИА Новости/Александр Вильф
Атырауда биыл әскерге шақырылған сарбаз қарумен әскери бөлімнен өз бетінше шығып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы Атырау гарнизонының баспасөз қызметі мерзімді қызметтегі сарбаздың әскери бөлімнен қару алып шыққаны туралы мәліметті растады.
«2024 жылғы 8 мамырда Атырау гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтің әскери қызметшісі бекітілген қаруды алып, бөлімді өз еркімен тастап кету фактісі тіркелді. Қазіргі уақытта әскери қызметші бөлім аумағында. Зардап шеккендер жоқ. Тергеу мүддесіне сай өзге ақпарат жария етілмейді», – деп жазылған ресми мәліметте.
Кей мәліметтер бойынша, әскери бөлімнен қашқан сарбаз – Көкшетау қаласының тумасы. Ол әскерге биылғы 18 сәуірде шақырылған.
Ал Atyrau Online Telegram-арнасының мәліметінше, сарбазды тұтқындамақ болғанда ол қарудан оқ атқан. Бұдан кейін әскери бөлім қызметкерлері мен полицейлер “Арлан” арнайы жасағы мен ҰҚК қызметкерлерін шақырған. Сарбаздың қолында АК-74 автоматы болғаны хабарланды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!