Ақсу қаласында қатты жел кезінде құлаған ағаш жолаушы әйелдің өліміне себеп болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының мәліметінше, шұғыл шақыру бүгін, 2025 жылғы 17 маусым күні сағат 17:29-да тіркелген.
Әйелдің кеуде тұсын ағаш бұтағы тесіп өткен. Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметі 1968 жылы туған азаматшаның алған жарақаты өмірімен сәйкес келмейтінін анықтап, оның сол жерде қайтыс болғанын растады, – деп мәлімдеді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының өкілдері.
Куәгерлердің айтуынша, ағаш жол жиегіндегі такси көлігіне құлаған. Ағаш сынықтары көліктегі жолаушыларға зақым келтірген.
Бұл қайғылы оқиға Павлодар облысында түстен кейін басталған қатты дауыл кезінде орын алды. Ауа райының күрт өзгеруінен Екібастұзда электр қуаты өшіп, KEGOC желілерінде апаттық ажыратулар тіркелді. Қатты жел ойын алаңдары мен аялдамаларды қиратып, бірнеше ағашты тамырымен құлатқан, соның салдарынан бірқатар көлікке де зақым келді.
Төтенше жағдайлар қызметі облыс тұрғындарын ауа райы болжамын қадағалап, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!