фото: ЖИ арқылы жасалған

Атқа мінген Әлімбай аттандап келе жатты.
– Атқа қон, атқа қон!

Бекмырзадан бастап, Бексейітке дейінгі көшенің атқа мінуге шамасы бар жігіттері ә дегенде жинала қалды.

– Жігіттер, егіс алқабында ұры жүр. «Менікі емес, көршінікі» демей, барлығымыз атқа қонайық. Бүгін оның малына көзі түссе, кезек ертең саған да келеді. Ұрыны ұстап, осыған нүкте қояйық, – деді Арыстан.

Арыстан ашулы көрінді. Бала-шағасының аузынан жырып, өзіне қимай, «келешекте керек болады» деп жұмсамай отырған малының әлдекімдердің оңай олжасына айналып кетуін қаламады. Жалғыз ол емес, мұнда ашуға булыққан бір қауым ел жиналды.

– Жігіттер, ұрыны ұстаған соң жазалау керек. Мілтсәні ертіп аламыз ба?

– Әй, оның не сенің?! Өткен жолы қолмен ұстап, көзбен көріп тұрған ұрыны сүттен ақ, судан таза еткенін көрмеп пе едің? Болды, бітті. Жазасын өзіміз береміз.

Түн баласы ауылдың біраз жігіті бірнеше көлікке мініп, ауылдың солтүстік-батысындағы егіс алқабына қарай бара жатты. Ауылдағы қатын-қалаш жол амандығын тілеп қала берді. Қайсыбір жылы осындай алапат айғай-шудың аяғында жала жабылған Беркімбай жіпке ілінген күйі сарайынан табылған. Елдің үлкендері сол жағдайдың қайталанбауын тілеп, жігіттерге абай болуын ескертті.

Ұрылар

фото: ЖИ арқылы жасалған

Алқапқа көлікті көзін жұмып айдап баруға бар Әбдімәлік жарықшамды өшіріп тастаған. Өйткені, ұры-қары жарықты байқап қалмасын деп, сақ қимылдамаса, әлгіндегі еңбектің бәрі далада қалады. Мұны барлығы түсініп отыр. Көлік ішінде өзара әңгіме де басталып кетті.

– Ертеректе Ермектің атамның сауын сиырын қалай иелік еткені елдің аузында ғой. Ахмет көкем болмаса, сол сиырдың бұзауы мөңіреген күйі қорада жетім қалатын еді ғой, – деді Берік басын шайқап.

– Е-е, ондай болып па еді? Үй арасы да жақын. Қалай көрші тұрып сондайға барды екен?

– Ахмет көкем малға зерек болған. Әлгі сиырдың дауына барғанда «қамшылар жақ артқы тұяқтың астын қараңдар. Егер ақ болса, сиырды алып кетеміз, қара болса, осында қалады» деп төрелігін айтқан екен.

– Жарықтық, оны қайдан білді екен? Бұзауын апарып тұрғанда, беті шімірікпей сиырды қалай «менікі» деп қалды екен?

– Көкем ол сиырды бұзау кезінен таниды екен. Бұзау кезінде аяғына сым оралып қалып, біраз жүрген. Содан сол жері ақ болып қайта шыққан ғой.

– Пәлі-ай, ондай адамдар қазір жоқ қой…

Бекмырза үнсіз қалды. Байдәулеттің айтқан әңгімесінен соң жігіттердің ойы жан-жаққа кеткен. Бір уақытта алыстан көліктің жарығы көрінді. Әлденені қуып жүрген сыңайлы.

– Бас, – деді рөлдегі Әбдімәлікке.

Қоңыр күзде алқапта әлі шаң басыла қоймаған. Май топырақтың үстінен бұрқ еткізіп, «Газель» бір ыңыранды да жүйтки жөнелді.

– Бұл – қаланың көлігі. Ішінде ауылдың бір адамы болуы мүмкін. Ауылға жақын, мұнда ұры келмейді деген елдің ойын оқыған болуы керек. Қазір біз бұларды қатырамыз, – деді Әбдімәлік рацияны қосып жатып.

Үлкен атыздың ортасында мал қуып жүрген джипті қысып ұстау үшін төрт көлік атыздың төрт бұрышынан сау етіп кіріп келді. Алғашында олай-былай қашуға талпынғанмен, әрекетінен түк шықпайтынын білген әлгілер атыздың ортасында біраз тұрды. Көлікпен қуып келіп, үйірді атыз шетінен әрі асып, арықтағы өткел арқылы үлкен жүк көлігіне қамап жатыр екен. Он шақты бас жылқыны тиеп үлгеріпті. Ол дереу оталдырып алып, табанын жалтыратпақ болған. Бесінші көлік алдына келіп, көлденеңнен тұрып алды. Адамдар жан-жаққа қашқанымен, барар жер, басар тауы жоқ. Ұрлықтың үстінде ұсталып тұр. Амалсыз келісімге келуге тырысты. Бірақ бір жыл бойы үйірден түк қалмаған. Шетінен ұстап, арзан бағамен ел асырып отырғандарға жаза қатал еді… Осылай алты адамды ұстап, қол-аяғын арқанмен байлады да, «Ниваның» жүксалғышына тастай салды.

«Сабақты ине сәтімен» келіп, осылай ауылды қанап жүрген ұрылар екі сағаттың ішінде апыр-топыр ұсталып, елдің ортасына алдырылған. Ары қарайғы жоспар қандай? Не істейміз? Оны ақылдаспаған еді… Ауылдың учаскелік полиция инспекторы бұлардың мұндай әрекетін естіп, ауылдың айнала қашып, табанын жалтыратқаны қашан?! Атқамінер басшылардың бірі жоқ. Не істерін білмей дал болды.

– Жігіттер, ендеше біз халық сотын ашамыз, – деді бұрын мектеп басқарған, көзі ашық, көкірегі ояу Жеңісбек.

– Ол қалай болар екен?

– Еш қиындығы жоқ. Ортаға саламыз. Елдің куәгерлігімен қолхат арқылы алған малын мойындатамыз. Ол малды өтеп болысымен ауылдан аластап, көшіріп жібереміз.

– Мынауың дұрыс екен. Енді осыған бір келісімге келейік.

– Ұрылардың кім екенін білдіңдер ме өзі?

– Жоқ, бастарына қап кигізіп тастағанбыз. Қазір әкеледі.

Ұрының төртеуі қаладан келген болып шықты. Ал екеуі – ауылдың әкелі-балалы тұрғындары. Сейсенбек пен баласы Арман.

– «Ұсталмаған ұры емес» деп, осыған дейін дәлеліміз болмай, ах ұрып қалған едік қой. Сейсенбек, сен енді он жыл бойғы жоғалған малға жауап бересің. Мынауыңның өзі біразға баратын шығар. Оның үстіне мектепте оқитын балаңды да баулыпсың. Не көрінді саған?

Жеңісбектің дауысы қатты шығып кетті. Ағайын-туыстығы да бар еді. Күйінді. Бірақ «тура биде туған жоқ» деп, кесіп айтқан шешімі де сол болатын.

– Ағайындар, айып бізден. Ренжімеңіздер. Іс насырға шаппай тұрғанда «үшәскобійді» шақырайық.

– Сенің бұл ісіңе өзге емес, өзің жауап бересің. Сондықтан елдің алдында ұрлығыңды мойында, қарыз етіп қабылда. Өтейсің, өтелмесе, сотталасың. Талап – осы.

Бір уақытта халық әр жерден шулай бастады.

– Әй, Сейсенбек, сенің қораңнан өз қойымды көріп тұрып, бөтен қой бар ма деп сұрағанымда, бетің бүлк етпей «жоқ» дедің ғой. Сен үйіңде кешкі ас ішіп отырғанда, сенің қораңнан өз қойымды өзім ұрлап алдым ғой, масқара болғанда, – деді Жалғас орнынан атып тұрып.

– Сен оны қоя тұр. Бұл баланың қолындағыдай қымбат смартфонды бұл ауылда ешкімнің қолынан көрген емеспін. Жақында қыз ұзаттың, ұл үйлендірдің, мына балаңды оқуға дайындап жатсың. Соның бәрін жалданып мал баққаннан тапқаныңа сенеді дейсің бе? – деп Әкімбек сөзге араласты.

– Сейсенбек, сен сонда мына жылқыларды қаншадан сатып жүрсің?

Хат танымайтын Сейсенбек ақшаны да суретіне қарап әрең ажырататын. Қаладан келген «КамАЗбен» келісетін де, есеп айырысатын да баласы екен. Әншейінде малға қасқырдай тиетін екеу бүгін бір топ қасқырдың ортасында қалған қойға айналды.

– Сонымен, Сейсенбек, кінәңді мойындайсың ба?

– Иә, мойындаймын.

– Бұған дейін де осы халықты зар қақсатып жүрген өзің емессің бе?

Жасы алпысқа жетеғабыл тұрған Сейсенбек бас киімін шешіп, жанарын төмен салды. Баласы сөзге араласты.

– Біз жылқының бір басын 150 мың теңгеден есептеп тиеп жібереміз. Оның жасына, күйіне қарап жатқанымыз жоқ. Сондықтан біздің шекеміз шылқығаны шамалы…

– Ей, не оттап тұрсың? Менің миллионға алған айғырым ғой сенің сатып жібергенің. Ренжімеңдер, бағаны сендер емес, біз қоямыз. Соған сай қарыздарыңнан құтыласыңдар, – деді Бекмырза.

Жұртшылықтың дауы осылай тарасты. Сейсенбек соңғы он жылдағы кімнің қандай малын ұрласа, осы кездегі нарық құнымен есептеп, басы дауға қалып, ұнжырғасы түсті. Бәрінен бұрын баласын ойлады. Мектеп бітірмеген баласын құзырлы орындарға тапсырса, оның болашағына балта шабылатыны анық еді. Ал Сейсенбек оны қаламады.

Жиын тарап жатыр. Әкелі-балалы ұрылар барлығына бір-бір қолхат жазып, оған халық куәлік етті. «Ұрлық түбі – қорлық» деген бабаларымыз бекер айтпады ғой. Қара су мен қара нан жесең де, уайымсыз, адал өмір сүргенге жетпейді ғой.

Үйінің қабырғасына сүйене отырып, шылымын тұтатқан Сейсенбек «әттең, уақытта кері қайтаруға болғанда…» деп күбірледі. Бірақ бәрі кеш еді…

Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!