фото: ЖИ арқылы жасалған
– Табылды! Таптық, – деді ішке ентелей енген бөлімше бастығы Аман.
Шаштары үрпейіп, үстері алба-жұлба, әлденеге үрейленген адам секілді жан-жақтарына алажұлақ қараған «қызыл жағалылар» осы сөзді естісімен абдырап қалды. Апталап үй көрместен, кабинеттің үстелінде құжаттарға басын сүйеп тынығып жүрген тергеушілер әпсәтте топтаса қалды. Көздері ежірейіп, беттері бедірейіп, бір-біріне жалтақ-жалтақ қарасты.
– Қайдан табылды?
– Алысқа ұзап кетіп пе?
– Кім хабар берді?
– Аман!
– Жанында кім бар? – деп жиналғандар жан-жақтан ұлардай шулай бастады.
– Бүгін ғана сондағы жігіттер күдіктіні қала ішінен көрген. Әзірге білерім осы! Қанат, Ермек, Дәуір, дайындалыңдар, 15 минуттан соң көлік келеді. Осы шаруаны біржақты етіңдер! Мекенжайын жеткендеріңше анықтап беремін, дереу жолға шығыңдар, – деді.
– Түсінікті. Осы күнге де жеттік-ау, – деді шаршағанын білдіргісі келмеген Ермек. Бірақ Дәуір үнсіз. Себебі ертең Рәзия қызының шыр етіп дүниеге келген күні. 7 жыл бойы асыға күткен тұла бойы тұңғышының бір ауыз сөзін жерге тастамайтын ол мерекені бірге тойлаймыз деп уәде берген.
Іштей «ол құрығыр да қайдан шыға келді? Іздеп жатқанымызға бірнеше апта болды. Ертерек те қолға түспеген екен» дегенімен, әуелгі қызметтік ант ардан аттатпай тұр. Оған қоса қандықол қарақшының қала тұрғындарын титықтатқан кеудесіндегі ызаны одан әрі өршітіп барады.
– Қарынның қамын қаладан шыға реттейсіңдер. Одан бұрын сайланып алыңдар! Алдарыңда не күтіп тұрғаны Аллаға аян! Қолы қанға былғанған қылмыскердің не бүлдірерін кім білсін?! Сақ болыңдар! – деді Аман зілді үнмен.
Тергеушілер алдымен жуынатын бөлмеге жүгірді. Асығыс салқын сумен маңдайдан иекке дейін жуынып үлгерді. Артынша қажетті жарақтарды алып, артқы есікке қарай жүре жөнелді. Шыға бергені сол-ақ екен, қызметтік көліктің кілтін ұсынған бөлім басшысы сәттілік тілеп шығарып салды.
– Көлікті мен тізгіндейін, тынығып алыңдар. Жолай ауысып отырамыз, – деді Қанат.
Артқы орынға жайғасқан Дәуір ұялы телефонын алып, жарына қоңырау шалды. Рәзиямен тілдескісі келген. Бірақ оның ұйықтап қалғанын айтқан Айжан жұбайына ақ жол тіледі. Тұтқаны қоя салып:
– Жаратушым, өзің қолдай көр! Дін-аман отбасыммен қауышуды жаз! Жұмысым сәтімен бітсін! Абырой бер! – деп жатқан күйі көзі ілініп кетті. Көзін ашып, айналасына қараса, біраз жолды артқа тастаған екен.
– Ауқаттанып ал, кеш қарая Жамбылға жетеміз, – деген Ермек бір құты айран мен нан ұсынды.
– Жоқ, тамаққа тәбетім болмай тұр. Өзімді жайсыз сезініп келемін. Осыдан барлығы біржақты етілсе, ет асып, барлығыңды үйге шақырамын, – деді Қанат жымиып.
– Әй, ол да сөз болып па? Бастысы, аман-есен елге оралайық, – деді Дәуір.
Жігіттер бір-біріне сыр бергісі келмегенімен, әрбірінің ішінде бір уайым. Әлсін-әлсін терезеге үңіліп, елге сау қайтуды ойлап отыр. Оның үстіне әлгінде бөлім бастығы айтқан сөздер де ойларынан шығар емес. Өйткені, олар бұрынырақта қанышермен бір мәрте бетпе-бет кезіккен. Үшеуі жабыла жүріп, қашқынды жіберіп алған еді. Қарақшы қарулы. Бұған дейін осылай бірнеше жанды «келместің кемесіне» жайғастырды. Ал ізін суытып кеткеніне жылдан асқан.
Күн ұясына кірді. Тергеушілер де діттеген жерге жетті. Жолай бөлімшеден хабар алып, мекенжайды нақтылап алған. Уақыт оздырмай сонда жетуді ойлады.
Бір сәтте қатар орналасқан көпқабатты үйлердің жанына келіп, маңдайшасында «13» деген жазуды іздей бастады. Тапқан сәтте көліктерін қолайлап қойып, қаруланып алды да, барлығы үшінші қабатқа көтеріле бастады. Кенет Дәуір:
– Ермек, сен есік сыртында қал. Бізден сытылып кетсе, алдынан тос. Артық қимылға бара қалса, қару пайдалануыңа рұқсат бар. Елге жеткенде мән-жайды мен мойныма аламын. Қорықпа! – деді.
Ермек ауладағы балалар алаңы алдындағы бағана түбіне барып жайғаса кетті. Аман айтқан үйдің санын есептеп, терезелерге қараумен әлек. Ойы – дыбыс шықса, ішке жүгіру.
Үшінші қабатқа жеткен жігіттер пәтер алдына келіп, есікке құлақтарын тосты. Сосын ақырын есіктің қоңырауын басты. Іште тыныштық. Осы кезде Дәуір қарсы бетте біреудің келіп, тыңдап тұрғанын байқады. Дауысын жуандатып:
– Суға төлем жасамапсыздар, қағазға қол қойдыру қажет. Кім бар? – деді.
Ентігіп тұрған Қанат шыдамсыздық танытып әлек. Құлағына «есікті бұзып кіру керек» деп сыбырлай бастады.
Көп ұзамай арғы беттен есіктің кілтін бұраған дауыс естілді. Ашылған бойда қылмыскерге тұра жүгірген Дәуір оның қолында пышақтың бар екенін байқамай қалған секілді. Үстіне құлай кетіп, Қанат «қолынан ұста, қолынан!» деп айқайлай берді. Сол мезетте орнынан тұрып үлгерген қашқын Қанатты қолындағы қаруды көріп, терезеге қарай тұра жүгірді. Қорыққаннан қылтимадан секіріп кетті. Осы сәтте Дәуір:
– Қанат, тез жерге түс! – деп бұйырды.
Төменге қарай ытқи жөнелген ол:
– Ермек, ұста, ұста! – деді бар дауысымен.
Абдырап қалған Ермек қолындағы темекісін тастай салып, белбеуге байланған тапаншаны алып, жүгіре жөнелді. Үшінші қабаттан секірген қылмыскер бір аяғын сылтып, жүгіруге шамасы жетпей тұр. Дереу қарумен Ермек: «Есіңді жи, қарсы келме!» деп, Қанат екеуі қылмыскердің қолына кісен салып, көлікке қарай сүйрей жөнелді. Ал Қанат пәтерге қайта оралып, айғақ болар зат қарамақ болған. Алайда есік алдында қансырап жатқан Дәуірді көріп, денесі суып кетті.
– Дәуір, Дәуір, есіңді жи, ақымақ! Көзіңді жұмба, бауырым! Қазір, қазір ауруханаға жеткіземін, – деп көтере далаға жүгірді.
Сол сәтте ұялы телефоны қосулы қолында қалған. Арғы жағынан:
– Әке, уәдеңізді ұмытып кетпеңіз. Менің сыйлығымды ала келіңіз, – деген тұңғышының дауысы естілді.
Арада айлар өтті. Дәуір бір өлімнен аман қалды. Ұзақ уақыт ауруханада жатып, елге оралды. Әуелгі көліктегі жоспар бойынша Ермектің үйінде жігіттермен бас қосып, қызына берген уәдесі жайлы баяндап берді.
А. БАҚЫТҰЛЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!