25 тамыз күні кешке Алматы халықаралық әуежайының Т-1 терминалында ер адам өзін-өзі өртеген болатын. Полиция ер адамның өзін-өзі өртеуіне отбасылық жанжал себеп болғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ер адамға дер кезінде полиция мен әуежайдың қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері көмектесті.
Оқиғадан кейін зардап шеккен азамат дереу қалалық ауруханаға жеткізілген.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ер адамның жағдайы ауыр екенін хабарлады. Науқас жедел жәрдем бригадасымен қалалық №4 клиникалық ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған.
Жағдайы өте ауыр. Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық хаттамасына сәйкес толық көлемде ем алып жатыр, – делінген хабарламада.
Полицияда ер адам азаматтық некедегі жұбайына ашуланып, өзін-өзі өртеуге әрекеттенгені айтылды.
Ер адамның мұндай қадамға баруына отбасылық жағдай себеп болған, – деп хабарлады Көліктегі полициясы департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиғаның барлық мән-жайы сотқа дейінгі тергеу барысында анықталатын болады.
Әуежай әкімшілігінің хабарлауынша, бұл жағдай әуе айлағының жұмысына әсер етпеген. Қазір ұшулар кестеге сәйкес жүргізілуде. Терминалдар да қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!