Жетісу гарнизонында десанттық-шабуылдаушы әскерлердің мерзімді әскери қызметшісі қаза тапты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Оқиға 23 қыркүйекте болған.
Қорғаныс министрлігінің Десанттық-шабуылдаушы әскерлер баспасөз қызметінің мәліметінше, әскери дайындық сабақтары барысында қарумен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік шараларының бұзылуы салдарынан сарбаз оқ тиіп, қаза болған.
«Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу шаралары жүргізілуде. Егер қызметтік тұлғалардың немқұрайлылығы мен бақылаусыздығы дәлелденсе, кінәлілер ең қатаң жауапкершілікке тартылады. Оқиға қорғаныс министрінің ерекше бақылауына алынды», – делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар, қарулы күштердің басшылығы қаза тапқан сарбаздың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтып, оларға барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлім етті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!