Фото: pixabay.com
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Жітіқарадағы өрттен қаза тапқан 5 баланың отбасына қатысты тың дерек айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үйдегі үлкен ұлдың айтуынша, қайғылы оқиға таңғы сағат 4:30 шамасында басталған. Ол таңғы сағат 5-те көршілерден көмек сұраған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенде үйдің шатыры құлаған. Таңғы 6-да мен Алматыға жұмыс сапарымен ұшып кеткендіктен, оқиға орнына департамент директоры барды. Ол басынан аяғына дейін, яғни жерлеу рәсіміне де қатысты. Отбасыға тиісті қолдау шарасы көрсетілді, – деп айтты министр.
Жақыпованың сөзінше, отбасы атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың қатарында болған.
Сондай-ақ отбасында фамилиясы әртүрлі балалар тәрбиеленген. Әйел 2 рет некеде болған. Бірінші некеден 3 бала, екінші некеден 2 бала болған. Ең кенже бала – 1 жаста. Мамырда әйел көпбалалы ана атанып, «Күміс алқа» медалімен марапатталды. Бірінші күйеуімен ол ресми түрде ажырасқан. Биыл жазда 320-330 мың теңге көлемінде алимент алған. 2 тоқсан бойы 290 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек төленген. Жақсы төлем төленген, – деп түсіндірді Еңбекмині.
Светлана Жақыпова бұл мәліметті департамент директорынан алған.
Сондай-ақ балалардың анасы жергілікті дүкенде еден жуушы болып жұмыс істеген. Сол түні ол қалаға кеткен. Не үшін кеткені тергеу аясында айтылмай отыр. Оның неге кеткенін білмеймін. Бірақ үйге 1995 жылы туған жігіт сол күні кешкі сағат 7-де пеш жағып беріп кетіп қалған. Балалар тоңып қалмау үшін оны анасы жіберген болуы керек, – деді ведомство басшысы кулуарда.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!