Жас болса да өз ісінің озық маманы ретінде көптің көзіне түсіп, балаларға арналған кино, сериалдар түсіруде режиссерлік шеберлігімен ерекше контент ұсынып жүрген Наурызбай Егізбай – «Aslan films» балаларға арналған алғашқы киностудиясының режиссері. «Режиссураны арнайы оқымадым. Орта білім алып, 9 сыныпты бітірген соң фельдшерлік мамандықты таңдадым. Алайда видео түсіруге, монтаждауға кішкентайымнан қызығатынмын», – дейді жас режиссер.

Қармақшы ауданында туып өскен жас 9 сыныпты бітірген соң 2015 жылы Қызылорда қаласына келеді де хоббиі ретінде үздіксіз видео түсіріп, өңдеумен айналысады. Алғашқыда той түсірумен шектелген ол 2019 жылы Жасұлан Алдабергеновпен танысып, сол жылы студияның тұсауы кесілген. Режиссер қызмет ететін киностудияда балаларға әртістік шеберлік оқытылады. Айналасы 2-3 жылдың ішінде мұнда 200-ден астам бала оқып, мектеп жасында жүріп-ақ кәсіби білім алған.Маманның айтуынша, үйірмеге қатысатындардың көбісі кішкентайлар.

«Қазір жасым 22-де. Соңғы үш жыл бойы тек кино түсіруге көштім. Көпшілік режиссер дегенде киноның басы-қасында жүріп, басы-аяғы құралған біртұтас видеоны жасап шығаратын адам деп ойлауы мүмкін. Алайда режиссер үшін үздіксіз ізденіс, жаңа білім керек. Жаңа тақырыпқа көшкен сайын өзінің не түсіріп жатқанын, көрерменге не ұсына алатынын білуі шарт. Болашақта шетелден кәсіби білім алғым келеді»,– дейді кейіпкеріміз.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!