Қай халықтың тарихына үңілсек те, оның рухани келбетін айқындайтын басты белгілерінің бірі – өнері. Қазақ халқы да ғасырлар бойы тұрмыс-тіршілігіне сай өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас еткен бай мәдениетке ие. Солардың ішінде құрақ құрау – тек тұрмыстық қажеттілікті өтейтін қолөнер емес, халқымыздың дүниетанымы мен талғамын паш ететін ерекше қазына. Әрбір құрақтың қиындысында халықтың өмір салты мен ойлау жүйесі, бірлікке деген ұмтылысы көрініс тапқан.

Осы асыл өнерді қайта жаңғыртып, жас буынға аманаттау мақсатында Сыр өңірінің ғасырлық мерейтойы аясында Қызылорда облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен, Қызылорда қаласы әкімдігінің қолдауымен «Сыр шеберлерінің жұлдыз құрағы» атты ерекше мәдени іс-шара өтті. Бұл жиын – тек қолөнерді дәріптеу емес, ұлттық құндылықтарды насихаттап, ел руханиятына серпін берген тағылымды басқосу болды. Мұнда өңірдің таңдаулы 30 шебері бас қосып, 100 құрақ көрпе тікті.

Сыр бойы ежелден-ақ қазақ өркениетінің ордасы саналады. Мұнда ғасырлардан аман жеткен ұлттық өнер мен дәстүрлі мәдениет бүгінге дейін өз құндылығын жоғалтпаған. Осы тарихи сабақтастықты айшықтай түскен мерекелік жиынға қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев қатысып, өңір мерейтойының мәніне тоқталды.

– Облыс орталығының мерейтойы аясында ұйымдастырылған «Сыр шеберлерінің жұлдыз құрағы» атты мәдени-танымдық шара – халқымыздың бай мұрасын, ұлттық өнерін және қолөнер шеберлерінің талантын дәріптейтін маңызды алаң. Сыр елі – терең тарихы мен бай мәдениеті арқылы еліміздің, мемлекетіміздің қалыптасуына үлес қосқан өңір. Сондықтан бүгінгі іс-шараның маңызы ерекше, – деді ол.

Жиынға жүзден артық шебердің ортақ іске атсалысуына түрткі болған, көпшілікке ұлттық өнерді насихаттап жүрген белгілі қолөнерші, «КИНЕС» Қазақстан Рекордтар кітабына «Аламан» құрақ көрпе жобасымен енген Үржамал Жайбергенова да қатысып, қала әкімінің атынан арнайы алғыс хат табысталды.

Шеберлердің еңбегін елеп, шығармашылығын қолдау – ұлттық мәдениеттің дамуына жол ашады. Осы орайда Үржамал Әбдібайқызы да ризашылығын білдірді.

 – Жұлдыз құрағы – халқымыздың ынтымақ пен татулығының, еңбектің, шабыттың белгісі. Бұл атауды иеленген мерекелік іс-шара елге қуаныш сыйлап қана қоймай, болашаққа бағдар рухани тірекке айналары сөзсіз, – деді ол.

ҚОЛӨНЕР – КӘСІП ПЕН ҰЛТТЫҚ КОДТЫҢ ТОҒЫСЫ

 Мерекелік сәтте сөз алған облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық ұлттық құндылықты кәсіппен сабақтастыру мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, қолөнерді заңды кәсіпке айналдыру – тұрмыстық қажеттілікті өтеуден бөлек, ұлттық кодымызды сақтауға да қызмет етеді. Яғни әрбір құрақ көрпе, әрбір қолмен жасалған бұйым – қазақ болмысының айнасы.

ШЕБЕРЛЕРДІҢ ӨНЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ

Толық бір күнді қамтыған бұл мәдени мерекеде жүзден астам шебер өз қолынан шыққан құрақ көрпелерін, тұрмысқа қажетті бұйымдарын және сәндік әшекейлерін көпшілік назарына ұсынды. Әрбір туындының өрнегінде халықтың өткені, тұрмыс-тіршілігі, табиғатпен етене байланысы бейнеленгендей әсер қалдырды. Бір қарағанда жай ғана құрақ көрпе секілді болғанымен, әрбір өрнек халық жадындағы терең тарихтан сыр шертетініне күмән жоқ.

 Көрме қонақтарға да ерекше әсер сыйлады. Киіз үй ішіндей жылылық сыйлаған, көңілді жадыратқан бұл көрініс – шеберлер үшін мәртебе, ал көрермен үшін рухани азық болды. «Сыр шеберлерінің жұлдыз құрағы» – қарапайым бас қосу емес, ұлттық мәдениетіміздің мерейін үстем еткен айтулы сәт. Бабадан жеткен осы асыл өнерді қолөнер шеберлері ғана емес, әр қазақтың қастерлеуге тиіс. Өйткені ұлттың рухани байлығы – оның мәңгілікке қалдыратын ең асыл қазынасы.

Ұрпаққа аманат болған құрақ өнері – сұлулық пен үйлесімнің ғана емес, береке мен ынтымақтың мәңгілік нышаны һәм белгісі болып қала бермек.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!