Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында Ботаникалық бақ және жылыжай шаруашылығы аумағына мың түп тал егілді.
Акцияның ресми ашылуына Басқарма төрағасы-ректордың міндетін атқарушы Майнұр Бөрібаева, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орынбасары Мәріп Акбар, Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартай, облыстық мекеме қызметкерлері, университет ұжымы мен білім алушылары және қала тұрғындары қатысты.
«Табиғатты қорғау, оны аялау – әрбір адамның міндеті. Біздің мақсатымыз – қоғамда экологиялық сауаттылықты арттырып, тұрақты даму мақсаттарын назарға ала отырып, қоршаған ортаны қорғауға шақыру. Бүгін әрбір қатысушы тал егу арқылы, болашақ ұрпаққа баға жетпес мұра қалдыруға үлес қосуда. Сондықтан халықты, әсіресе жастарды белсенді болуға, игі бастаманы одан әрі жалғастыруға шақырамын!»,-деді Майнұр Бөрібаева.
Экологиялық акция Қорқыт ата атындағы Қызылорда универсиетінің ұйымдастыруымен, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының қолдауымен өтті.
Әрбір отырғызылған ағаш – келешекке деген үміт пен арманды символиздейді, сондай-ақ, тұрақты дамуға және табиғатпен үйлесімді өмір сүруге деген ұмтылысты білдіреді. Игі шара университеттің белсенді студенттерінің концерттік бағдарламасына жалғасып, қатысушыларға ыстық бауырсақ таратылды. Сонымен қатар, «Eco life» студенттік клубының мүшелері барлық жастарға челлендж жолдады. Наурыз айынан бастап университеттің барлық оқу ғимараттарында тұрақты түрде табиғатты қорғау мақсатында сенбіліктер өтуде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!