Кез келген отбасының негізі – махаббат. Бірақ бұл сезім шексіз бе? Әлемде жыл сайын миллиондаған жұп некесін бұзады. Бұл – тек статистика ғана емес, әр санның артында тұтас бір тағдыр, көз жасы, күйзеліс пен жаңа бастамалар жатыр. Ендеше, неге ажырасу саны артып келеді? Ажырасудың астарында қандай себептер бар?
Көптеген ажырасулардың басты себебі – бір-бірін түсінбеу және біртіндеп суып қалған сезім. Күйбең тіршіліктің, жұмысбастылықтың, қаржылық қиындықтардың әсерінен ерлі-зайыптылар арасындағы жылы қарым-қатынас әлсірей бастайды. Сөзбен емес, үнсіздікпен өмір сүретін күндер көбейеді. Көп жағдайда жанұялық мәселелер ашық талқыланбайды, бұл ішкі реніштің жинақталуына әкеледі.
Қаржы – заманауи отбасының нәзік тұсы. Ақша жетіспеушілігі, жұмыссыздық немесе табыс айырмашылығы ерлі-зайыптылар арасындағы кикілжіңге себеп болады. Жауапкершілікті тең бөлісе алмау, бір жақтың бәрін мойнына алуы – қарым-қатынастың бұзылуына жол ашады.
Бүгінде қоғамда ажырасу ұят нәрсе емес деген пікір қалыптасты. Бұрын ата-аналар отбасын сақтап қалу үшін барын салатын болса, қазіргі ұрпақ бақыт пен жеке шекараны алдыңғы орынға қояды. Бұл – бір жағынан дұрыс, себебі зорлық-зомбылық немесе психологиялық қысым көрсетілетін отбасында қалу -денсаулық пен адамның болашағына балта шабу.
Ажырасу тек ерлі-зайыптылардың емес, баланың да тағдырына әсер етеді. Екі ортада қалған бала психологиялық күйзеліс пен жалғыздық сезіміне ұшырауы мүмкін. Сондықтан да ажырасу кезінде баланың мүддесі бірінші кезекте ескерілуі тиіс.
Ажырасудың басты себептерінің бірі – қара шаңырақта бірге тұрып жатқан ене мен келін мәселесі. Еліміздің қай өңірінде болсын (әсіресе, оңтүстік, батыс аймақтарда) келін мен ененің бірге тұруының қиындықтары көп. Негізі әр аймақтағы ажырасудың себептері әрқилы. Оңтүстік пен батыс өңірлерде ер азаматтар әке-шешесімен, бауырларымен бірге тұрғылары келеді, ал бойжеткендер мұны көп жағдайда қаламайды. Демек келіндердің өз ұстанымдары бар деген сөз. Нәтижесінде жастардың өміріне туысқандары араласып, «пайдалы» кеңестер бере бастайды. Осының салдарынан шаңырақ шайқалады. Кей кездері шешесінің ұлын келінінен қызғанатын сәттері де байқалады. Немесе керісінше, шешесі сәт сайын қызына телефон шалып, жағдайын сұрап, жастардың мазасын ала береді. Осы әрекетімен-ақ ол өзін күйеу баласына қалай қарсы қойып алғандығын білмей қалады.
Психологтардан ерлі-зайыптыларға кеңес:
–Бір-біріңізге ауыр сөз айтудан аулақ болыңыз. Себебі кешірсе де, адам өзін қорлап айтқан сөзді ұмытпайды.
– Проблемаларыңыз бен қиындықтарыңызды үнемі бір-біріңізге жүктеуден аулақ болыңыз. Адам шағымнан, жылап-сықтаудан, күн сайынғы құрбандықтарға барып жатырмын деген міндетсінулерден тез жалығады, шаршайды.
– Мәмілеге келу. Отбасы – бұл бір шаңырақ. Түсіністік танытатын кезде, жағдайды саралап, барлығын ой елегінен өткізіп, екеуіңізге де тиімді болатындай шешім жасауға болады. Егер біріңізге құрбандыққа бару керек болса, барыңыз. Ол – сіздің отбасыңыз үшін жасалатын қадам.
Ренішіңіз болса, өкпеңіз қара қазандай болғанша үндемей жүре бермей, жұбайыңызға ашығын айтыңыз. Сөйлесу мен әңгімелесу жоқ жерде дұрыс отбасын құру деген бос иллюзия. Себебі неке – ұзақ әңгімелесу.
Ажырасу – ақырғы шешім бе, әлде жаңа өмірдің бастауы ма?
Әр адам өмірінде бақытты болуға лайық. Кейде ажырасу – қиын, бірақ қажет қадам. Бұл бір-біріне зиян келтірмей, өз өмір жолын қайта табу үшін жасалатын шешім. Ең бастысы – өткеннен сабақ алып, болашақта сол қателіктерді қайталамауға тырысу.
Ажырасу – махаббаттың соңы емес, өзіңді қайта табудың басы болуы мүмкін.
Арайлым Қуанышбекова,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті
Фото: egemen.kz
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!