Менің атым – Нұрай. Мен Қызылорда облысы, Тереңөзек кентінде тұрамын. Қазіргі уақытта мен Әбілдә Тәжібаев атындағы №36 мектептің 11-сынып түлегімін. Биыл өзімнің сүйікті мектебімді аяқтап жатырмын.
Біздің мектебіміз – үлкен әрі заманауи. Мұнда шамамен 1500-ге жуық оқушы білім алады. Мектепте қазақ және орыс сыныптары бар. Ұстаздарымыз – білікті мамандар, олар бізге сапалы білім мен жақсы тәрбие береді. Осы жылдар ішінде мен көп нәрсе үйрендім, адал достар таптым, түрлі іс-шараларға белсене қатыстым. Бұл мектеп менің өмірімде ерекше орын алады. Болашақта ересек өмірге қадам басқанда да, мен әрқашан мектебіммен мақтанамын.
Мен үшін №36 мектеп – жай ғана білім ордасы емес. Бұл – менің балалық шағымның, достығымның, арманым мен талпынысымның алтын мекені. Бұл – білімнің қасиетті ордасы, Әбілдә Тәжібаев есімімен аталатын киелі жер. Мектептің әр бұрышы естеліктерге толы. Біз осы дәліздермен кішкентай балалар болып жүгірдік, ал қазір соңғы қоңырауды тыңдап тұрмыз. Қолымызға жай ғана қалам емес – үлкен өмірге жолдама алып жатырмыз. №36 мектеп – менің рухани қайнарым, болашаққа апарар жолдағы шамшырағым.
Бұл жер маған тек білім ғана емес, шынайы достарды, шабыт беретін ұстаздарды, ең бастысы – ұмытылмас естеліктерді сыйлады.
Біздің мектебімізді тәжірибелі, дана педагог, жоғары деңгейдегі ұйымдастырушы, жүрегі кең адам – Айнұр Алиева басқарады. Айнұр апай – жай ғана директор емес, мектебіміздің шын мәніндегі көшбасшысы. Ол әр оқушының талпынысын, әр мұғалімнің еңбегін бағалап, үнемі қолдау көрсетеді. Мектептегі тәртіп пен тәрбие, білім сапасы мен рухани құндылықтардың барлығы – оның шебер басшылығының нәтижесі. Біз үшін осындай басшымыздың болуы – үлкен мақтаныш.
Мектебіміз – жай ғана оқу орны емес, бұл – дарынды оқушылары мен білімді ұстаздарының арқасында мақтануға тұрарлық рухани орталық. Олимпиадаларда жүлделі орын алған сыныптастарымыздың жетістігі – ұстаздарымыздың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әріп танытқан алғашқы ұстазым – Ольга Николаевнаға ерекше алғысымды білдіремін. Ол бізге тек әріптерді үйретіп қана қоймай, өмірге деген көзқарасымызды қалыптастырып, білімге деген алғашқы сүйіспеншілікті оятты.
Ал қазіргі сынып жетекшіміз – Жанат Рүстемовна. Ол біз үшін жай ғана мұғалім емес, өмір жолымызда бағыт беретін, үнемі қолдау көрсетіп, шабыттандыратын шынайы тәлімгер. «Сендер бәріне қабілеттісіңдер!» – деген сөздері арқылы ол бізге болашаққа деген сенімділік сыйлайды. Ол – біздің екінші анамыздай, әрқашан жанымыздан табылып, жүрек жылуын аямайтын қамқор жан.
Он бір жыл… Бір қарағанда – ұзақ уақыт. Бірақ артқа қарасақ, бәрі бір сәттей өте
шыққанын түсінесің. Бұл жылдар мен үшін жай ғана сабақтар мен үй тапсырмалары емес, достық, күлкі, қуаныш пен бақытқа толы кезең болды. Осы жылдардың басты кейіпкерлері – менің сыныптастарым. Біздің сынып – ерекше. Ұлдарымыз сәл тентектеу, бірақ жүректері кең, мейірімді. Олар біз үшін – қорғаныш. Әзілдеп, еркелетіп, әрдайым қамқорлық танытады.
Мұғалімдерге де кейде кішкене қылықтарын көрсетіп, күлкіге қалдырады. Нұртөре, Мейіржан, Жанарыс, Әліхан, Рахим – ең шалт қимылды, есерлеу ұлдарымыз. Бірақ, шындығында, оларсыз көңілсіз. Кем дегенде бір күн келмей қалса – бәрімізге біртүрлі болады. Ең есте қаларлық сәттер – біз 11 «Б» сыныптағы достарымызбен бірге сабақтан қашып, дүкенге барып, завучтардан тығылған кездеріміз. Бұл – мектеп өмірінің ең қызықты және бақытты мезеттері. Енді қыздар туралы айтқым келеді. Олар – нағыз достар. Әрқашан бір-біріне қолдау көрсетіп, жанында бола біледі. Мектепте менің жақын құрбыларым – Айымжан, Мереке, Назым. Біз үнемі бірге жүріп, сабаққа дайындалып, күліп-ойнап, бірге уақыт өткізгенді жақсы көреміз.
Ал менің ең жақын құрбым – Назым. Ол менің сыныптасым. Біз бірге өсіп, бірге армандап, енді бірге ҰБТ-ға дайындалып, болашаққа көз тігіп отырмыз. Онымен бірге өткізген әрбір сәт – мәңгілік естелік. Назым – жай ғана құрбы емес, ол – туған әпкедей. Қиын сәтте – қолдайды, қуанышта – бірге күледі. Онымен бірге болу – өзің бола алатын, сырлармен бөлісе алатын ерекше әлем. Кейде бір қарағаннан-ақ бәрін түсініп, сөзсіз ұғынысып кетеміз. Мұндай адамдар сирек кездеседі, ал менің өмірімде Назым бар болғанына тағдырыма ризамын. Қайда барсақ та, өмір бізді қайда апарса да, біздің достығымыз – уақытпен, мектеп жылдарымен, жүздеген ортақ сәттермен сыналған шынайы достық болып қала береді. Бұл жыл – өміріміздегі ең жауапты әрі есте қалар сәттердің бірі.
Алда – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Бұл жай ғана емтихан емес, бұл – ересек өмірге алғашқы қадам. Осы жолда біз өзімізге білім беріп, шабыттандырған ардақты ұстаздарымызға шексіз ризамыз. Тарих пәнінің мұғалімі Гүлнұр Темірханқызы бізге тек білім ғана емес, Отанға деген махаббатты да үйретті. Биология пәнінің мұғалімі Үміт Жағыппарқызы бізге табиғат заңдарын ашып, өмірге басқа қырынан қарауды үйретті. География пәнінің мұғалімі Зауре Өтегенқызы бізді әлеммен таныстырып, елдер мен халықтардың ерекшеліктерін саралауға, кең ойлауға баулыды.
Ал біздің сынып жетекшіміз Жанат Рүстемовна – біздің басты тірегіміз. Ол бізге математикадан ғана емес, өмірлік ұстанымдардан да сабақ береді. Оның жылы сөзі мен қамқорлығы бізге әрдайым күш береді. Ұстаздарымыздың сенімі мен еңбегі – біз үшін үлкен жауапкершілік. Олар бізге тек білім емес, өмір жолын, үміт пен сенім сыйлап отыр. Бүгін алған біліміміз – болашақ табыстарымыздың іргетасы.
Міне, осылайша менің 11 жылдық тарихым көз алдыма келеді. Бұл жылдар – менің балалық шағым, достарым, ұстаздарым, сыныптастарыммен өткен ұмытылмас сәттер. Осындай жақын жүректі адамдармен бірге оқығаныма шексіз ризамын. Енді әрқайсымыз өз жолымызбен ұшамыз. Бірақ жүрегімізде әрдайым осы сынып, осы сәттер, осы адамдар сақталады. Қайда болсам да, жүрегімде үнемі жылы сезіммен: «Менің мектебім…» деген ой маздайтын болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!