фото: ашық дереккөзден алынды
Қазіргі заманда нашақорлық – қоғамдағы ең үлкен және қауіпті мәселелердің бірі. Бұл кеселдің салдары тек тұтынушыға ғана емес, оның отбасы мен жақындарына, тіпті бүкіл қоғамға зиянын тигізеді. Есірткіге тәуелділік адамның денсаулығына, ақыл-ойына, өмір сүру қабілетіне әсер етіп, болашаққа деген үмітін өшіреді. Сондықтан нашақорлыққа жол бермеу – әр азаматтың, әр отбасының және бүкіл қоғамның алдыңдағы маңызды міндет.
Қазақта «Адам туа жаман болмайды, жүре жаман болады » деген тағылымды сөз бар. Расында, жылтыраған жаһанға еліктеушілік жасөспірімдерді түрлі дертке ұрындырады. Сұм есірткінің зияны туралы көпшілік жақсы біледі, алайда бұл бақытсыздықтың шырмауына түсіп қалғандар да аз емес. ХХІ ғасыр індетіне айналған бұл нашақорлық, аты айтып тұрғандай, өміріңді қор етеді. Сондықтан мен қанша жанның өмірін ойран еткен сұм дүние – есірткіден бас тартып, салауатты өмірді саналы түрде таңдаймын. Есірткінің зиянын түсіне отырып, біз оның адам өміріндегі барлық құндылықтарды жойып, денсаулық пен рухани әлауқатты құртуға түрткі екенін білеміз. Есірткінің бір рет қолданылуы адамның психологиялық, физиологиялық, әлеуметтік жағдайын толығымен өзгер тіп, оны тәуелділікке ұрындырады. Есірткіге тәуелді адамдар өміріндегі ең маңызды құндылықтардан, яғни отбасы мен достық, еңбек пен білім сияқты маңызды құндылықтардан айырылады. Мұндай жағдайлар адамның тұлғалық қасиеттерін төмендетіп, еркіндікке деген ұмтылысын жояды. Есірткісіз өмір – бұл бақытқа, денсаулыққа және салауатты болашаққа бастар адал жол. Біз өзімізді дамытып, физикалық, рухани және психологиялық тұрғыдан жетілуді таңдағанымызда, болашақта есірткі мен басқа зиянды әдеттерден аулақ боламыз. Қоғамдағы әр адам салауатты өмір салтын ұстанса, бақытты қоғамның негізі қалыптасатыны анық.
Менің тандауым – білімге, рухани өсуге және денсаулыққа бет бұру. Білім мен еңбек – адамның ішкі жан дүниесін байытып, толыққанды өмір сүруіне жол ашады. Біз өзімізді шыңдап, пайдалы дүниелермен айналысу арқылы өміріміздің мағынасы мен құндылығын арттырамыз. Ал бұл жолда есірткі мен басқа зиянды әдеттерге орын жоқ. Мен есірткісіз өмірді таң дай отыра, болашаққа сеніммен қадам басамын. Бұл таңдау мені дамуға, салауатты және жауапты адам болуға жетелейді. Әрқайсысымыз салауатты өмір салтын ұстанып, өзіміздің және қоғамымыздың болашағын жарқын етуге өз үлесімізді қоса аламыз. Бізді қоршаған қоғамға да есті кетіріп, ессіз әлемге жетелейтін есірткіден аулақ болуды үндеймін. Өзөзімізге қорған болып, өзгенің өмірін де қорғай білейік, жас дос!
Гүлсезім ЖҰМАҒҰЛ,
Қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы
«Жас тілші» үйірмесінің оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!