фото: Егемен Қазақстан

Еліміздің Ата Заңы – Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданды. Міне, Ата Заңымыздың қабылданғанына биыл 30 жыл толып отыр.

Мемлекетімізді демократиялық, зайырлы және құқықтық ел ретінде айқындайтын басты құжаты саналатын Конституция – барлық құжаттардың бастауы. Қандай мемлекеттік орган, мекеме, ұйым болсын өз қызметінде Конституцияны басшылыққа алатыны анық.

Бас құжаттың жаңғыруы ел азаматтарының жеке бас құқығынан бастап мемлекеттің саяси басқару жүйесіне дейінгі тармақты қамтиды.

Алдағы уақытта да Ата Заңымыздың мақсаты – еліміздің әлеуметтік жағдайын көтеретін әрі азаматтардың қазіргі заманға сай өмір сүруіне барлық жағдайды жасайтын, мемлекеттің өркениетті елдер қатарында болу жолындағы қадамымызды реттейтін бағдаршам болмақ.

Конституцияда елдің әрбір азаматының, ұлттар мен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсат-міндеттері мен құқықтары көрсетіледі. Қоғамдық өмірдегі барлық құндылықтардың ішінде адам құқықтары мен бостандықтары өте маңызды болып саналады.

Жаңа Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік даму бағыттары айқындалды. Конституцияның аясында ел игілігі үшін көптеген жұмыс атқарылды. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі жарияланғаннан бастап еліміздің сыртқы саяси стратегиясы бекітіліп, әлемдегі қаншама мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнады.

Әрбір азаматтың заңмен белгіленген құқықтарын білу қажеттігі – қазіргі заман талабы. Халқы заңын сыйлайтын, құқық қорғау органына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Конституциямыз қабылданған күннен бастап барлық салада үлкен жетістіктерге жетіп, іргелі елге айналдық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құрудағы нақты әрі әділ қадамдарды жүзеге асыру үшін халықтың ауызбірлігі мен ынтымағы аса қажет екендігін атап айтқан болатын.

Жаңарған мемлекет Конституциясы негізінде жаңа Қазақстанды құру – бүкіл Қазақстан халқының ортақ міндеті. Сондықтан ендігі кезеңде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлігімізді сақтай отырып, ынтымақ пен қажырлы еңбектің арқасында экономикасы дамыған, әлеуеті өркендеген жаңа Қазақстанды бірге құруға атсалысайық.

Ақтолқы ТАБИҒАТОВА,
Шиелі аудандық сотының бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!