фото: ЖИ арқылы жасалған

Көктемнің самал желі сезімді тербеп, жүректің соғысын ерекше толқынға баурайтын шақта қазақ жұрты үшін айрықша мәнге ие күн туады. Бұл күн тек қос ғашықтың ғана емес, тұтас ұлттың махаббатқа деген көзқарасын, сезімге деген адалдығын айшықтайтын рухани мереке. Алайда «Әулие Валентин» күні қазақтың мейрамын тасада қалдырды. «Бұл мейрам қазақтың мейрамы емес» деген сылтауларға тосқауыл болған ұлттық мереке неге жиі еленбейді?

 Осы орайда біз қоғамның әр буынын қамтып, махаббат күні туралы түрлі көзқарастарды білуді мақсат еттік. Ғашықтар күнін елмен қатар 14 ақпан күні атап өткен жөн бе, әлде 15 сәуір күні тойлаған дұрыс па? Жалпы бұл мейрамдардың мәні сыйлық алумен шектеле ме? Кейіпкерлердің жауабына зер салсақ.

Ерлан УӘЛИЕВ және Балзия БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ:

– Біздің ойымызша, Қазақстанда ғашықтар күнінің екі рет аталып өтуі – қалыпты жағдай. 14 ақпан – әлем бойынша кең таралған мереке, ал 15 сәуір – біздің ұлттық құндылықтарымызға негізделген ерекше күн.

Қазір көпшілік 14 ақпанды ғана атап өтеді, ал 15 сәуір назардан тыс қалып жатқаны біз үшін дұрыс емес. Себебі өз ұлттымыздың мерекесін дәріптеп, оған айрықша мән беру керек.

Біздің отбасыда қарым-қатынасымыз сенімге, сыйластыққа және бір-бірімізді түсінуге негізделген. Біз әрқашан бір-бірімізді қолдауға, қиын сәттерде жанынан табылуға тырысамыз. Уақыт өте келе қарым-қатынасымыз нығайып, бір-бірімізге деген құрметіміз бен махаббатымыз одан әрі арта түсті.

Ғашықтар күні біз үшін жай ғана мереке емес, бір-бірімізге көңіл бөліп, жылы сөз айтып, сезімімізді тағы бір еске түсіретін ерекше күн. Дегенмен біз махаббатты тек осы күнмен шектемейміз. Күнделікті өмірде де бір-бірімізге қамқорлық көрсетіп, кішкентай қуаныштар сыйлауға тырысамыз.

15 сәуірді атап өту маңызды ма?
кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Думан ЕРЛЕНОВ және Асылзат ҚАЙЫРБЕКҚЫЗЫ:

– Кейде махаббатты мерекемен әдемілегіміз келеді. Бірақ шын мәнінде, махаббаттың өзі онсыз да әдемі емес пе? 14 ақпан – сән, тренд, көпшілікпен бірге қуану. Ал 15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні – терең мағына, тамыр, тарих.

Бірақ махаббат үшін бір күн аз, ал екі күн көп болуы мүмкін… егер ол шынайы болмаса. Себебі сезім тек күнге емес, әрекетке байланысты.

Сондықтан біздің ойымызша, мерекені тойлау – әркімнің еркі. Бірақ ең бастысы – махаббатты көрсету емес, оны күн сайын дәлелдей білу. Кейде бір қарапайым қамқорлық, бір жылы сөз – кез келген мерекеден де қымбат.

15 сәуірді атап өту маңызды ма?
кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Данабек МАДАЛХАН және Айгерім СЕРІК:

– Асылында, өзгермейтін, жазылмаған, бірақ бәріміз білетін заңдылық бар: ғашықтардың риясыз, кіршіксіз сезімдерін білдіруі арнайы бір күнге тәуелді емес. Мерекені тойлау мен махаббаттың көрінісі туралы айтпастан бұрын, алдымен төмендегі мәселеге қатысты пікірімізді айтқымыз келеді.

Ғашықтардың, (мұнда некедегі ересек азаматтарды айтып отырмыз. Некеге дейінгі жақын қарымқатынастың салдары белгісіз, сондықтан көпшілікке жарияланатын жазбалар осындай түзету мен интерпретацияны қажет етеді. Сол үшін осында жазып, өз позициямызды қалдырдық) бірі-біріне деген ыстық сезімі мен сыйластығы, ілтипаты екеуара жасырын болуы тиіс еді. Десек те қазір өз сезімін, махаббатын жария етіп, сол арқылы бақытты жұптың, не идеал жұптың иллюзиясын ғана көрсетеді. Кейін бұл дүние қоғамда қалыпты жағдайға айналады.

Әлбетте, дені сау махаббаттың көрінісі шынымен сол идеал белгілерге сай болып, дұрыс норма қалыптасса құба-құп. Біздің пайымдауымызша, махаббат деген ұғым дұрыс құндылықтарға негізделе отырып, аса бір танымалдылыққа тәуелді болмауы тиіс. Бүгінде мерекенің жақындауы – науқан іспеттес. Мерекені мерекелік көңіл-күймен қарсы алу, қуаныш сыйлау дұрыс та, ал рекордтарды жаңарту мен жарысу – дұрыс емес.

Үйге келгенде келіншегіңнің күліп қарсы алуы – мереке. Жарыңа жасаған қарапайым қамқорлық пен оның нәзік ілтипатпен қабыл алынуы – мереке. Бірге өткізген таң да, кеш те – мереке. Әрбір жұма – мереке. Көптеген ұлт рухани құрдымға душар болып жатқан заманда әрбірі өзінің ұлттық өзегін сақтап қалуға бар күшін салады. Біздің басқа еліміз, жеріміз, ұлтымыз жоқ екенін алғы орынға қойып ойланатын болсақ, құндылықтарға мән беріп, сабақтастықты үзбей, ұлттық тінімізден айырылмаудың қамын ойлау керек. Бұл біз айтып отырған қарапайым мереке тойлаудағы таңдаудан басталады. Ұлтыңды сүй, теңіңді тап та, аманатыңды жаныңдай қастерле, ұлтын сүйетін ұрпақ тәрбиеле, – деді Данабек.

– 15 сәуір – отбасымыз үшін ерекше күн. Отбасы құрғаннан кейін бұл күнді махаббаттың тағы бір белгісі ретінде атап өтуді дәстүрге айналдырдық. Өйткені махаббатты білдіру, жылы сөз айтып, жақын адамды қуанту үшін арнайы себептің артықтығы жоқ деп ойлаймыз. Біздің түсінігімізде, махаббат бір күнмен немесе белгілі бір мерекемен шектелмеуі тиіс. Әрине бүгінде көпшілік Valentine’s Day – 14 ақпанды атап өтеді. Алайда біз үшін бұл күн ерекше мәнге ие емес, оны көбіне сырттан келген дәстүр, өзге мәдениеттің мерекесі ретінде қабылдаймыз. Сондықтан 14 ақпан – біз үшін қарапайым күндердің бірі ғана.

Ал 15 сәуір – өзіміз таңдаған, жүрекке жақын мереке. Бұл күні біз бір-бірімізге деген сезімімізді тағы бір мәрте еске салып, ризашылығымызды білдіреміз. Дегенмен шынайы махаббат тек белгілі бір күнде ғана емес, күн сайын көрініс табуы керек деп есептейміз. Таңертеңгі жылы сөз, күнделікті қамқорлық, көңіл бөлу – міне, нағыз махаббаттың белгісі осы. Мерекені күтіп, ерекше күнді ғана аңсап отырудың қажеті жоқ. Махаббат – үздіксіз сезім. Егер адамдар бір-біріне күн сайын мейірім танытып, құрмет көрсетсе, кез келген күн мерекеге айналары сөзсіз, – дейді кейіпкеріміз Айгерім.

15 сәуірді атап өту маңызды ма?
кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Данияр САҒИТҰЛЫ және Арай БАҒДАТОВА:

– Менің жаным не айтса, сол болады, – деп бастады Данияр күліп – шынымды айтсам, біз бұл мерекелерді бұрыннан ерекше атап өтетіндердің қатарынан емеспіз. Мен үшін ең маңыздысы – бір күнге байланып қалмай, күн сайын сүйіктіме деген махаббатымды білдіру. Онсыз біздің ешқандай мерекенің де мәні болмас еді. Ал 14 ақпан мен 15 сәуір – жай ғана ішкі сезімді тағы бір рет ашық айтып, шынайы ықыласты білдіруге берілген қосымша мүмкіндік.

– Ал менің ойымша, махаббат – бір күнмен шектелетін сезім де, тек мерекеге тәуелді ұғым да емес. 14 ақпан болсын, 15 сәуір болсын – әрқайсысының өзіндік мәні, өзіндік ерекше атмосферасы бар. Дегенмен 15 сәуір маған әлдеқайда жылы сезіледі. Себебі ол – өз тарихыма, өз мәдениетіме жақын мереке. Әрине 14 ақпанды атап өткен дұрыс. Бірақ соны желеу етіп, Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнін ұмытып кету немесе екінші қатарға ысыруды орынсыз деп білемін. Жалпы, махаббат тек белгілі бір күндерде ғана емес, күнделікті іс-әрекетте, қарапайым сөздер мен қамқорлықта көрініс табуы керек. Ал бұл екі күн – сол сезімді жұрт алдында білдіруге берілген жай ғана сылтау секілді, – деп Арай өз сөзін қорытындылады.

15 сәуірді атап өту маңызды ма?
кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Түйін: Жүректен шыққан әрбір жауап махаббаттың бір ғана ұғыммен шектелмейтінін аңғартады. Ол біреулер үшін үміт, енді біреулер үшін сынақ, ал тағы бірі үшін өмірдің мәніне айналған асыл сезім. Қоғам қанша өзгерсе де, технология қанша дамыса да, адамзат баласының жүрегіндегі махаббатқа деген мұқтаждық ешқашан жоғалмайды. Сондықтан да Қозы Көрпеш пен Баян сұлу жайлы аңыз тек өткеннің естелігі емес, бүгіннің де рухани темірқазығы болып қала бермек. Махаббат, кейіпкерлеріміз сипаттамақшы, тек жылтыраған сыйлықтардан ғана емес, жұбыңа деген ыстық ықыластан, ұлтқа деген құрметтен һәм сыйластықтан құралады. Осыны есте сақтайық, құрметті оқырман!

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!