16 миллион қазақстандықтың жеке деректерінің тарап кету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қойгелдиевтің айтуынша, тергеуді Ішкі істер министрлігі жүргізіп жатыр.
«Қылмыстық іс тіркелді және ол тергеу жүргізу үшін Ішкі істер министрлігіне берілді», – деді ол журналистерге.
Бас прокурордың орынбасары қолданыстағы заңнамаға сәйкес тергеу туралы қосымша мәліметтерді жариялай алмайтынын атап өтті.
16 маусымда 16 миллионнан аса жазба ашық тарап кеткені туралы ақпарат шықты. Бұл ақпаратты Кибершабуылды талдау және тергеу орталығының президенті Олжас Сәтиев растады.
Тұрғындардың мынадай жеке мәліметтері тарап кеткен: тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған күні, ЖСН, мекен-жайы, тұрғылықты жері, телефон нөмірлері (ұялы, үй, жұмыс телефондары), азаматтығы, ұлты және тағы басқалары.
Кейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандықтардың жеке деректерінің тарап кетуі туралы ақпарат зерттеліп жатқанын айтып, мәлімдеме жасады.
«Қазіргі уақытта барлық салалық ведомство мен қызметтер жұмылдырылды. Ұсынылған деректердің өзектілігіне де жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Алғашқы талдау көрсеткендей, мәліметтердің көпшілігі ескірген», – деп хабарлады Цифрландыру министрлігі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!