Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Жыл басынан бері 8,7 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 2024 жылдың 1 шілдедегі жағдай бойынша 8 758 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 137,1 мың этникалық қазақ оралған.
«Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (49,5 пайыз) Қытайдан, 34,7 пайыз – Өзбекстаннан, 5,9 пайыз – Түрікменстаннан, 5,3 пайыз – Моңғолиядан, 3,3 пайыз – Ресейден және 1,3 пайыз басқа елдерден.
Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар 59 пайыз, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,1 пайыз және зейнеткерлер 9,9 пайыз болды», – делінген хабарламада.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша, 17 пайызы жоғары білімді, 23,2 пайызы орта кәсіби білімді, 55,2 пайызы жалпы орта білімді, және 4,6 пайызының білімі жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанған.
«Сонымен қатар, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адам болады. 2024 жылғы 1 шілдеге жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1891 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде».
Жыл басынан бері 1579 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 456 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!