Жұмыс іздеу үшін түрлі сайт пен парақшаларды ақтарудың қажеті жоқ десем, сенесіз бе? Иә, технология дамыған заманда жұмыс іздеу процесі де цифрландырылып жатыр. Бұл бағытта қазақстандық жастардың да қолтаңбасы қалыптасқан. Олардың қатарында Назарбаев университетінің 3-курс студенті Дана Жақсылық та бар.

«Компьютерлік ғылымдар» мамандығында оқитын Дана көптеген студент сияқты бос уақытында тәжірибе жинап, қосымша табыс табу үшін жұмыс іздеудің қиындықтарымен бетпе-бет келген. Оның айтуынша, бос жұмыс орындары туралы хабарландырулардың басым бөлігі «Telegram»-дағы түрлі арнада жарияланады. Олардың әрқайсысын жеке-жеке қарап, өзіне сәйкес келетін вакансия табу көп уақытты қажет етеді. Оған қоса талапқа сай келетін жұмысты кезіктіру мұнан да қиын. Біреуінің қызмет уақыты графикке сәйкес келмесе, екіншісінің жалақысына көңіліңіз толмауы мүмкін.

Міне, дәл осы мәселе кейіпкерімізді инновациялық шешім іздеуге итермеледі. Студенттік өмірдің қарбаласында уақытты үнемдеудің маңызын түсінген Дана жұмыс іздеу процесін автоматтандыруды қолға алып, идеясын жүзеге асыру үшін «nFactorial Incubator » атты жазғы бағдарламаға қатысқан. Бұл − жас таланттарға IT-өнімдерін жасап шығаруға көмектесетін интенсивті лагерь. Бағдарлама 10 апта көлемінде өтеді. Оның алғаш үш аптасы теориялық білім, яғни fullstack/iOS әзірлеу, UI/ UX дизайн, Web бағдарламаларға арналған маркетинг және жобада жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктері туралы білім алуға арналады. Ал екінші бөлім практикаға негізделген. Осылайша қатысушылар жаңа идеямен қаруланып, дизайн жасап, код жазады. Кейін әлеуметтік желі арқылы оны танытып, қолданушыларын іздейді. Ал курс соңында 10 аптадағы жұмыс қорытындыланып, «Demo day» өтеді. Осы кезеңде Дана көпшілікке «LazyJumys» сайтын таныстырды.

«LazyJumys» – бұл пайдаланушыларға көптеген «Telegram» арнадағы жұмыс ұсыныстарын бір жерден табуға көмектесетін ақылды платформа. Ол жасанды интеллект технологияларының негізінде жұмыс іздеу процесін барынша жеңілдетеді.

Платформаның жұмыс істеу принципі өте қарапайым. Пайдаланушы сайтқа түйіндемесін жүктеп, жұмыс уақыты, жалақы немесе тұратын қаласын белгілейді. Таңдауларды ескере отырып жасанды интеллект оннан астам белсенді «Telegram» арналардан сіздің талабыңызға сай келетін вакансияларды жинақтайды. Кейін ол сіздің түйіндемеңізден жұмыс өтілін, дағдыларңызды қарастыра отырып, сізге сай келетін жұмыстарды ұсынады.

Платформа дизайнер, маркетолог және фриланс саласындағы мамандар үшін таптырмас құрал. «LazyJumys» интеллектуалды сүзгілеу технологиялары арқылы уақытты үнемдеп қана қоймай, «LinkedIn» немесе «HeadHunter» сияқты ірі порталдарда жарияланбаған вакансияларды да табуға мүмкіндік береді.

Белсенді түрде жұмыс іздеп жүргендерге де, процеске көп уақыт бөлгісі келмейтін ізденушілерге де арналған бұл жоба – Дананың IT саласындағы алғашқы, бірақ ауқымды қадамы. Оның бастамасы Қазақстандағы жастардың технология саласында үлкен жетістіктерге жете алатынын дәлелдейді.

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!