Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстан азаматтарын Ресейге шыққан кезде адраспан өсімдігін елге әкелуге тыйым салынатыны туралы ескертті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, Ресей Федерациясының қолданыстағы заңнамасына сәйкес гармала өсімдігі (адраспан – авт. еск.) есірткі құралдары немесе психотроптық заттар, не олардың прекурсорлары бар өсімдіктердің тізіміне енгізілген.

«Көрсетілген өсімдікті Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз тасымалдағаны үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ, бір миллион рубльге дейінгі немесе сотталған адамның бес жылға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе басқа да табысы мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін, не айыппұлсыз және бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қолданылады. Егер өсімдік аса ірі көлемде тасымалданса, 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады», – деп хабарлады Мемлекеттік кірістер департаменті.

Қылмыстық жауапкершілікке тартылмау үшін мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстан азаматтарына көрсетілген өсімдікті Ресей шекарасы арқылы алып өтуден бас тартуды ескертеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!