Фото: Inbusiness.kz

Соңғы мәліметке сенсек, утиль алымының базалық мөлшерлемесі 50 АЕК шамасына тұрақтаған. Яғни, 2023 жылы 172 500 теңге болса, биыл 184 600 теңгеге өсті. Бұл соңғы уақытта көп талқыланған кәдеге жарату алымы (утилизация алымы) дауын қайта тұтатуда. Көліктің жай-жапсарынан хабары бар азаматтар аталған саладағы олқылықты бұған дейін де көтеріп, шешу жолын ұсынған болатын. Алым көлемінің жоғары екенін, халықтың әлеуметтік жағдайымен сәйкес келмейтінін айтып жүр.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мәселені шешуді тапсырып, тіпті кәдеге асыру алымымен айналысатын «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» (ӨКМ) ЖШС-н тексеруге пәрмен берген еді. Алайда іс әлі оң шешім таппады.
Президенттің оларды тілге тиек етуі тегін емес. Ел арасындағы мекемеге қатысты түрлі пікір мен наразылық қалыптасқан. Мәселенің күрмеулі күйде қалуын да осы серіктестіктен көретіндер көп. Қарсылықтың себебі де жоқ емес. Қарапайым халықты айтпағанда шаруаларға арналған кәдеге жарату алымы мөлшерінің өзі шамадан тыс, әлемдік талапқа сәйкес емес. Дамыған елдерде техниканың көлеміне байланысты мөлшерлеме белгіленетін алым біздің елде жолға қойылмаған.

Мәселен, шаруа шетелден құны 3 млн теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы техникасын әкелді делік. ӨКМ операторы ол техника үшін кәдеге жарату алымын екі-үш есеге асырып жібереді. Осылайша құны 3 млн болатын техникаға 12-20 млн теңгеге дейін шығын кетеді. Міне, бұл – ең жайсыз тұстың бірі. Ал белсенділер болса, әлемдік стандартты қаперге алып, жаңа өлшем жасалса дейді. Бұл кеше-бүгін көтерілген мәселеге жатпасы анық. Автокөлік иелері жыл сайын олқылықты билік назарына ұсынуға әрекет жасап келді. Мысалы, өткен жылы #НетУтильсбору қозғалысы кең өріс алып, утилизациялық алымға қарсылық білдіргендер саны күрт артты. Оған қоса Алматыда белсенділер «Утилизация алымына жол жоқ» деген ұранмен баспасөз-митингін өткізіп, басқосуға шетелдік нөмірі бар қазақстандықтар да қосылған еді. Осылайша жарты айда «Утилизация алымына жол жоқ» қозғалысының талапұсынысын қолдап, қол қойғандар саны 150 мыңға жетті.


Наразылық себебі


Сондай-ақ белсенділердің сөзінше, қазір Қазақстанда көлік дефициті байқалып келеді. Көлік сату орталықтарында автокөлік азайып, нарықтағы баға көтерілген. Салдарынан қарапайым халық сапалы көлік сатып алу мүмкіндігінен айырылуда. Олқылыққа қатысты белсенділердің тағатын айыбының бірі – елдегі өнеркәсіптің кенжелеуі.
Әлеуметтік желіде танымал автокөлік нарығының сарапшысы Олжас Оқас та аталған алым туралы пікірін жариялаған еді. Сарапшының сөзінше, Қазақстандағы утилизациялық алым азаматтардың әлеуметтік жағдайын ескере қарастырылу қажет деген пікір айтады.
– Қазақстанда көлік жылдан-жылға қымбаттап бара жатыр. Бұған бірнеше фактор әсер етеді. Утилизациялық алымның сомасы жаңа көлік сатып аларда аса рөл ойнамайды. Біріншіден, біздің нарықтың ауқымы тар. Ұлттық валюта ай сайын құлдырап жатыр. Көлікке қажетті бөлшектер шетелден келетінін ұмытпайық. Көлікке қатысты утилизация алымын жойып жіберсең де Еуро-4 стандарты қалады емес пе? Мысалы, Грузиядан әкелінген 2003 жылғы «Toyota Camry» көлігі бәрібір алғашқы тіркеуден өте алмайды. Ащы болса да шындықты айтуымыз керек, халқымыз «тегін» дүниені жақсы көреді. Мүмкіндік болса, ҚҚС-ты алып тастауды қолдайтындар бар. Тәртіп болмаса, заң қадағаланбаса, түбі артта қалған бір мемлекетке айналамыз. Утилизациялық алым болу керек, алайда оның сомасы халықтың әл-ауқаты төмендеуіне байланысты қайта қарастырылғаны ләзім, – дейді О.Оқас.
Көліктерді кәдеге жарату төлемінің жүйесі ескіргенін Индустрия және инфрақұрылымдық даму экс министрі Бейбіт Атамқұлов та мойындаған еді. Ол кәдеге жарату төлемінің параметрлері 2015 жылдан бері қаралмағанын айтып, қайта талқылау керегін атап өткен болатын. Тіпті министр қалдықтарды жинау, олардың нарығын қорғау және машина жасау мен автомобиль жасауды дамыту үшін қажет екенін жеткізген. Бұл ретте ол басқа елдердің тәжірибесін, Малайзияда автомобиль өнеркәсібін құру үшін 30 жыл қажет болғанын мысалға келтірген еді.
– 2015 жылы кәдеге жарату төлемінің нормалары қабылданды. Одан кейін бүгінгі күнге дейін олар шынымен қайта қаралған жоқ. Бүгінде бұл мәселе өте өткір және әлеуметтік желілерде көтеріліп жатыр. Индустрия министрлігі, негізінен, бенефициарлар, түпкілікті алушы болуымыз керек. Бірақ бұл экологиялық төлем және ол басқа министрліктің құзырында, – деді Б.Атамқұлов.


Күмән қайда?


Кәдеге жарату жұмысының негізгі мақсаты экологияға келер зиянды азайту, қайта өңдеу саласын ілгерілету екені белгілі. Алайда ұзақ уақыт утилизация алымымен айналысқан ӨКМ бұл міндетті орындай алды ма? Ел арасында сенім емес, күмән басым. «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай да аталған мекеменің жұмыс процесін сынға алып, пікір білдірген еді. Қоғам белсендісінің сөзінше, ӨКМ Операторы 2015 жылдан бері 1 млрд долларға жуық қаражат жинаған көрінеді. Сондай-ақ жыл сайын компания мемлекет қазынасынан 150 млрд- қа тарта қаржы алып отырған.
– Мысалы, автошиналарды алып қарастырайық. Оның бір данасы үшін ӨКМ утилизацияға деп 37 теңге алады. Оны қалай жұмсайды? Шамамен 7 теңге операциялық шығындарға кетсе, 26,5 теңгесі (бүкіл соманың 70 проценті) логистикаға, яғни көліктік шығындарға жұмсалады. Тек 3,5 теңгесі ғана қайта өңдеуге бағытталады. ӨКМ жұмыс істемей тұрып шинаны жинаумен айналысатын ұйымдар шикізатты зауытқа өздері тасып келді. Алайда ӨКМ бұл шикізатты кәдеге жаратамыз деп өздері жинауды бастаған соң жоғарыдағы ұйымдар осы қызметті тоқтатуға мәжбүр болды. Демек қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға автошиналарды сатып алып, өздеріне тасымалдауға тура келді. Бұл өзіндік құнның жоғарылауына әкелді. 2016-2017 жылдар аралығында өңделген шикізат үшін зауыт бірыңғай оператордан 120 млн теңге көлемінде қаражат күтті. Бірақ бұл ақша зауытқа берілген жоқ. Бұған бір құжат жетіспейді дегендей себеп айтылса керек. Зауыт несие ақшасына салынғандықтан 2017 жылы кәсіпорынның шоты бұғатталып, өндіріс тоқтады. Қазір Жоғарғы соттың шешімімен зауыт иелерінен тартып алынып, акционерлері борышкер атанды. Жұмыс орындарын ашып, өңделген қалдықты экспортқа шығарып тұрған зауыт осылайша жойылды. Осындай мысалдың өзінен ӨКМ жұмысын бағамдауға болады, – дейді белсенді.


Шешім мен талап


Расында, Президент пәрменінен соң тиісті жұмыс атқарылуда. 2015 жылы Үкімет қолдауымен құрылған ӨКМ Операторының қызметі зерттеліп, тексеру жұмысы басталған. Көп күтпей, Экология, геология және табиғи ресурстар экс-министрі Серікқали Брекешев бүгінге дейін кәдеге жарату алым түрінде жинақталған қаражаттың көлемі 691,9 млрд теңге жеткенін мәлімдеп, қаражаттың қайда кеткенін былайша түсіндірді:
– Отандық автокөлік өндірушілерге 338,9 млрд теңге мөлшерінде кәдеге жарату түріндегі бұрын төлеген қаражаттары қайтарылды. Экологиялық мәселелерді шешуге 102 млрд теңге және салықтарға 49,1 млрд теңге жұмсалды. Бүгінде екінші деңгейдегі банктерде қалған қаражаттың 220,6 млрд теңгесі жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік бизнестің, қоғамның және мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен мына мәселелерді пысықтайды: біріншіден, жеке мемлекеттік операторды немесе өнеркәсіпті дамыту қорының базасында құру. Екіншіден, кәдеге жарату төлемінің коэффициенттерін қайта қарау. Үшіншіден, кәдеге жарату алымы есебінен отандық көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алушыларға ваучерлер беру қарастырылады, – деді министр.
P.S. Аталған мәселе билік назарына ілінгесін біршама жоба жүзеге асатыны айтылды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, елде утилизация алымымен айналысатын бірыңғай оператор құрылатыны белгілі болды. Сонымен қатар алым коэффициенттері қайта қаралымнан өтетін күн де алыс емес. Мұның барлығы халықтың көлікті болуына жол ашып, ел әлеуетін көтеруге бастамақ.


Р.МАҚСҰТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!