KAZINFORM – Kazinform агенттігі 2024 жылы әлемде болған ең ірі табиғат апаттарға шолуын ұсынады.

Ірі табиғат апат дегенде елімізде кейінгі 80 жылда тіркелмеген биылғы тасқынды айтпай кету мүмкін емес. Салдарынан бір мезгілде бірнеше өңірде жалғыз баспана болып есептелген 17,6 мыңға жуық үй мен саяжай құрылыстары су астында қалып, 8447 үй апатты деп танылды.

3,5 айдың ішінде типтік жобалар бойынша 2576 үй салынып, қайталама нарықтан 5767 үй мен пәтер сатып алынды. Сонымен қатар, 9156 үй жөнделді.

Биыл тасқын әбігерге салған мемлекет тек Қазақстан ғана емес. Оман, БАӘ, Иран және Йеменде нөсер жауын 32 адамның өмірін қиды.

Ал Ауғанстан мен Пәкістандағы су тасқыны 1100-ден астам адамның өмірін қиып, ондаған мың адам жарақат алды.

Филиппинде, Қытайдың Хайнань провинциясы мен Въетнамның солтүстігінде болған Яги тайфуны жүздеген адамның өмірін жалмап, 16,6 миллиард доллар шығын әкелді.

2024: A year of climate chaos and global disasters
Фото: Canva

Сондай-ақ Мексикадағы дауыл мемлекетті 2,5 миллиард доллар шығынға ұшыратты.

АҚШ-тағы «Милтон» дауылы Флориданы әбігерге салып, апаттың экономикалық шығыны 85 миллиард долларға бағаланды.

2024: A year of climate chaos and global disasters
Фото: Canva

Индонезияда Батыс Суматраны су басып, 16 көпірді қиратып, жолдарды бүлдірді, 19 адам көз жұмды. Ал жуықта ғана Сукабуми аралында қатты жаңбырдан кейін 200-ге жуық ауылды су басып қалды.

Оңтүстік Африкада қалың қардан электр қуаты мен су құбыры бұзылып, екі адам үсіп өлді.

Боливияда 10 млн гектардан астам жерді шарпыған орман өрті 12 мыңнан астам отбасыға зиянын тигізді.

БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай сөйлеген сөзінде адамзатты табиғатты аялап ұстауға үндеді.

2024: A year of climate chaos and global disasters
Фото: Canva

Біз жер шарымен «орыс рулеткасын» ойнап жүргендейміз. Климат тозағына апара жатқан жолдан шығуымыз керек. Бір жұбанатын жайт, көлік тізгіні өз қолымызда. Осы тізгінді ұстап отырған үкіметтер, кәсіпорындар, жалпы адамзат дұрыс жолды таңдауға тиіс, – деген еді БҰҰ басшысы. https://kaz.inform.kz/news/2024-zhili-alemde-kanday-tabigi-apattar-boldi-c4f305/

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!