Отан қорғауды өздерінің қасиетті борышы санайтын жастардың кезекті легі әскерге аттанды. Медициналық тексерістен мүдірмей өтіп, сайдың тасындай іріктелген 25 бозбала еліміздің қарулы күштер қатарын толықтырды. Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің №2019 әскери бөлімінен «Жастарға патриоттық тәрбие беру және азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған әлеуметтік қызмет жұмысын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында жастарды әскерге шығарып салу салтанатты шарасы өтті. Шара ҚР мемлекеттік Әнұранымен басталып, одан әрі облыстық «Жас сарбаз» жастар ұйымының мүшелері әскерге аттанушыларға отан алдындағы борышын аман-есен өтеп келулеріне тілек білдіріп, естелік сыйлықтарын табыстады. Бұл күні бозбалаларды шығарып салуға келген ата-аналардың толқынысы ерекше. Бірінің көңілдері босап, көздеріне жас алса, енді бірі баласының ер жетіп, ел қорғаны болуға жарағанын мақтаныш етіп тұр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!