1998 жылы Қызылорда қаласының тұрғыны Римма Кимнің асқазанын толық алып тастады. Кәмелетке толмаған үш баланың анасында қатерлі ісік ерте сатысында анықталған. Дер кезінде емделіп, қайсарлығы мен дәрігерлердің кәсіби шеберлігінің арқасында бұл дертке шалдыққан науқас отыз жылға жуық өмір сүруде. Биыл Римма Ким 70 жасқа толады.

– Басында үлкен жараның салдарынан асқазанның жартысынан көбі алынып тасталды. 2 жылдан кейін ісік анықталды. Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-дың дәрігерлері бүкіл асқазанды алып тастауға мәжбүр болды. Асқорыту мүшесінің қызметін ішек қапшығы орындайды. Ауыр оңалту кезеңінен, химиотерапия курстарынан өттім. Облыстық онкологиялық орталықта жылына екі рет ем аламын. МӘМС жүйесінің арқасында дәрі-дәрмектер қолжетімді, МРТ, КТ, ФГДС және т.б. тегін өтемін. 90- шы жылдары мұның бәрі ақылы болды, – дейді Римма Ким.

Римма әр науқастың өмірі үшін күресетін облыстық онкологиялық орталықтың мамандарына алғыс білдіреді. “Қатерлі ісік – бұл үкім емес” дейді дәрігерлер. Бөлім меңгерушісі Болат Қашақовтың айтуынша, диспансерлік есепте 5525 пациент бар, оның 2796-сы 5 жылдан астам өмір сүруде.

– Онкологиялық аурудың ағымы оның сатысына, науқастың эмоционалды жағдайына, оны қалай емдеуіне байланысты болады. Қазір медицинада хирургиялық емдеу, сәулелік терапия, химиотерапия, иммунопрепараттардың үлкен арсеналы бар. Мұның бәрі науқастың өмірін ұзартады. Бірақ ең алдымен, уақытылы скринингтен өту керек. Қатерлі ісікке шалдығу қаупі бар болса, МӘМС аясында диагностикалық тексерулер мен емдеу халықтың барлық топтарына қолжетімді. Денсаулығыңызды сақтаңыз, – деп атап өтті Болат Қашақов.

Биыл облыстық онкологиялық орталыққа Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 4,7 млрд теңге бөлінген.

З.ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!