Сыр елінің ішкі бейнесі жылдан жылға жақсарып, өңірде сәулет өнерінің өрбіп келе жатқанын қала аумағында орналасқан ғимарттардан аңғарсақ болады. Десе де сол жағалаудағы бір ізді дизайн уақыт өткен сайын көзге түрпідей тие бастады. Ал бос жатқан бөліктер әлі күнге дейін жазық дала көрінісінен арылмады. Бізді алаңдатқан сол жағалаудың жағдайы емес, түгел қаланың көрінісі. Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ердәулет Мүбәрактың өңірлік коммуникациялар алаңында өткізген брифингінде көп сауалға жауап таптық, жаңа жоспармен таныс болдық.

Өткен жылы қала қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін ауқымды жұмыс атқарды. Бір жыл көлемінде жеке және заңды тұлғалардың 29 мыңнан астам сұранысы қамтылып, соның 8251-і 9 мемлекеттік қызмет бағыты бойынша жүзеге асырылды.

Жыл ішінде 1350 тұрғын үй пайдалануға берілген, олардың жалпы аумағы 470 мың шаршы метрден асты. Бұдан бөлек, әлеуметтік, коммерциялық және инженерлік инфрақұрылым бойынша 569 нысан есепке алынды.

Сонымен қатар қала аумағындағы сыртқы жарнама, көше келбеті, құрылыс алаңдарының тәртібі де назардан тыс қалған жоқ. Ескірген, жыртылған жарнамаларға қатысты ескертулер таратылып, заңсыз қойылған дүңгіршектер мен құрылыс қалдықтарына байланысты полициямен бірлескен рейдтер жүргізілді. «Қызыл сызыққа» қатысты да заңбұзушылықтар мамандар бақылауында.

– Біз «қызыл сызық» талаптарының сақталуына қатысты бөлім тарапынан тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізіп келеміз. Аталған бақылау барысында кейбір тұрғындардың мемлекеттік жерді заңсыз иемденіп, өз аумағындай қоршап алғаны, тіпті есік алдына ағаш немесе тал егіп, жерді бетондап тастағаны анықталып жатады.

Осындай заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында тиісті шаралар қабылданады: алдымен нысан анықталып, меншік иесіне түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Егер ескерту талаптары орындалмаса, материалдар Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданады. Нәтижесінде тұрғынға айыппұл салынып, заң бұзушылықты жою үшін нақты мерзім беріледі. Талап орындалмаған жағдайда іс сот тәртібімен қаралады. Бұл мәселе жер инспекциясымен бірлесіп, заң аясында жүйелі түрде шешіліп келеді, – дейді Ердәулет Бекмұратұлы.

Қаланың дамуына кедергі келтіретін басты факторлардың бірі – заңсыз құрылыс. 2025 жылғы мониторинг нәтижесінде 298 кәсіпкерлік нысанның құрылысқа қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдемегені анықталды. Нәтижесінде 44 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, бірқатар нысандарды бұзу туралы шешім қабылданды.

Өртке қарсы арақашықтықты сақтамау, қоғамдық аймақтарды заңсыз иемдену, қала паркі мен өзен маңындағы қорғау аймақтарында құрылыс жүргізу – мұның бәрі адам өмірі мен қаланың экологиялық қауіпсіздігіне төнетін қатер. Сондықтан бұл бағыттағы бақылау алдағы уақытта да күшейтіле бермек.

Қаланың «Бас жоспары» – жай ғана құжат емес, Қызылорданың алдағы уақытқа арналған даму картасы. 2045 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа «Бас жоспар» аясында қала аумағы 20 700 гектарға дейін ұлғайды. Бұрын саяжай массиві болып келген бірнеше аумақ ресми түрде қаланың шекарасына енгізілді.

Бас жоспар бойынша сол жағалау мен оң жағалауды байланыстыратын бірнеше көпір салу көзделген. Атап айтқанда, «KAYSAR» аренасы маңынан, Сырдария арқылы өтетін жаңа көпір, сондай-ақ «Мерей-Ақмешіт» шағын ауданын жалғайтын өткелдер қаладағы көлік жүктемесін азайтуға бағытталған.

Сол жағалау шағын ауданы кезең-кезеңімен бірнеше ауданға бөлініп, әрқайсысында шағын аллеялар, демалыс орындары мен рекреациялық аймақтар қарастырылады. Бұрыннан бар су торабы негізінде үлкен демалыс аймағын қалыптастыру да жоспардың маңызды бөлігі.

– Тағы да атап өтетін жайт, сол жағалауда негізінен жоспар бойынша көпқабатты, ортақабатты тұрғын үйлер жоспарланған. Жоғарыда атап өткендей, бұл қаланың аумағында орналасқан саяжайлардың барлығын «тұрғын аймаққа» ауыстыру жөнінде ұсынысты беріп жатырмыз. Ол саяжайда тұрып жатқан тұрғындарға оң ықпалын тигізеді. Оған «тұрғын аймақ» статусы берілгеннен кейін мемлекеттен қаржы алып, инфақұрылым жүргізуге әсерін беретін болады, – дейді бөлім басшысы.

Мақаламыздың кіріспесінде атап өткендей, мезі болған дизайн бүгінде арнайы түрлі түсті панельдермен көмкеріліп, жаңаша рең алуда. Көңіл- күйді көтеретін, жылы және ашық түстер адамдарға жайлы көрініс сыйлап, қалалық кеңістіктің эстетикалық сапасын арттыруға жол ашары сөзсіз.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!