Алаяқтықпен қүрес қарқынды. Өңірде 289 жәбірленушінің 300 млн теңге несиесі уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ қылмыстың тіркелуі 2,5%-ға төмендеді. Аймақтың бұл бағыттағы ахуалын облыс прокуроры Ризабек Ожаров пен Полиция департаментінің бастығы Серік Ергешовтің брифингінен біліп қайттық.
– Бұрын сотты болғандармен жұмысты күшейту мақсатында прокуратура бастамасымен мобильдік топтар құрылып, есепте тұрған 1500-ден астам адамның тұрғылықты мекенжайы мен жұмыс орындары тексерілді. Бұл шаралар жекелеген қылмыс түрлерінің азаюына тікелей әсер етті. Жекелеген қылмыс түрлері бойынша нақты төмендеу байқалады. Аса ауыр қылмыстар 2 пайызға, орташа ауырлықтағы қылмыстар 4,8 пайызға, онша ауыр емес қылмыстар 3,5 пайызға азайды. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 4 пайызға, тонау – 48,6 пайызға, қорқытып алушылық – 18,8 пайызға, ұрлық 50 пайызға төмендеді. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс 10,8 пайызға, оның ішінде көшедегі қылмыс 7,7 пайызға азайды, – деді Ризабек Ожаров.
Қазіргі заманның дертіне айналған алаяқтықпен күрес те назардан тыс қалған жоқ. Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің қатысуымен өткен үйлестіру кеңесінің нәтижесінде 289 жәбірленушінің 300 миллион теңгеге жуық несие төлемі уақытша тоқтатылды. Құқық қорғаушылардың қырағылығымен 406 дроппер анықталып, заңсыз әрекеттердің жолы кесілді. Ең бастысы, жәбірленушілерге келтірілген2,4 млрд теңге залалдың 1,5 миллиард теңгесі (63%) қайтарылып, әділдік орнатылды.
Ал Қызылорда облысы Полиция департаменті қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар тың бастаманы іске асырды. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында қосымша 10 дана «Sunqar» автоматтандырылған құрылғысы іске қосылып, бейнебақылау жүйелері кеңейтілді.
Серік Ергешовтің айтуы бойынша, өңірдегі ахуал бақылауда.
– Қылмыстық құқықбұзушылықтардың тіркелуі 2 пайызға төмендеді. Қоғамдық орындарда және көшелерде жасалатын қылмыстардың саны азайды. 10 мың тұрғынға шаққандағы құқық бұзушылық деңгейі республика бойынша 57 болса, облысымызда бұл көрсеткіш 32-ні құрайды. Біз қауіпсіз өңірлер қатарындамыз. Сондай-ақ кейінгі үш жылда өңірде ұрлық 63 пайызға төмендеп, пәтер және тонау деректері азайған. Мал ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда бір деңгейде сақталған, – деді Серік Жүрсінбайұлы.
Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!