«Жаңа жылдан бастап өмірімді өзгертемін», «Спортпен шұғылданамын», «Жыл бойы қаражат үнемдеймін, ақша жинаймын», «1 қаңтардан бастап тіл үйрету курсына жазыламын», «Жаңа жылдан бастап жаман әдеттерден тыйыламын» тағысын тағы…

Желтоқсан айының соңғы күндері мұндай сөздерді жиі естиміз. Психологиялық тұрғыдан алғанда, әр адам жаңа жылдан бейсаналы түрде үлкен үміт күтеді. Біреуге өтіп бара жатқан жыл ауыр тисе, енді біреу үшін керісінше сәтті болды. Сол себепті жаңа жылда жақсылық еселеніп, сәтсіздіктер артта қалса екен деген тілек әрбір көкейде бүр жарып жатады. «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» дегендей, әрбіріміз жаңа жылға үміт пен сенімге толы көңіл күймен қадам басамыз. Өткен жылдың кем-кетігін саралап, алдағы 365 күнге жаңа жоспар құру – жай ғана дәстүр емес, өмірге саналы түрде бетбұрыс жасаудың маңызды жолы. Жаңа жыл – бұл тек күнтізбелік өзгеріс емес, өмірді жаңа бағытқа бұру, өз-өзіңе есеп беру және армандарға нақты қадам жасау уақыты.

Бірінші қадам – өткен жылды сараптау. Өзіңізге шынайы баға беріп, жеткен жетістіктеріңіз бен жіберген қателіктеріңізді анықтау – алдағы жоспардың іргетасы болмақ. Өміріңізді бес негізгі фактор бойынша бағалаған дұрыс: отбасы, жұмыс, денсаулық, материалдық жағдай және рухани қалау. Рухани мақсаттар қосалқы көрінгенімен, адамның өмірін қалыптастыруда шешуші рөл атқаратынын есте сақтаңыз.

Сонымен қатар өткен жылды талдау кезінде ұсақ-түйек жетістіктерді де есепке алу қажет. Көп адам «ештеңе бітірмедім» деп өзін төмен бағалап жатады. Бірақ әрбір кішкене қадам – үлкен өзгерістердің бастауы екенін ұмытпаған жөн. Мысалы, үйіңізге қажетті затты сатып алу, жаңа ортаға бейімделу, жаңа таныстықтар, тіпті осы жылы оқыған кітаптарыңыздың қатары секілді қарапайым қадамдар адамның ішкі сенімін арттырып, алдағы жоспарға дем береді.

Келесі маңызды қадам – мақсат пен ниетті ажырата білу. Көпшілік «Келесі жылы табысты боламын, бай боламын, бақытқа жетемін» деп мақсат қояды. Десек те бұл – ең үлкен қателік. Мақсат – бір нүктеге байланып қалу, оған жетпесең – өкініш, жетсең – қуаныш. Алайда ұзаққа бармайтын қуаныш. Ал ниет – бағыт. Ниет еткен адам өмірдің басқа мүмкіндіктерін де көреді, ал мақсат тек нәтижеге бағдарлайды.

Ниет еткен кезде өзіңізге міндетті түрде «Бұл маған не үшін керек?» деп сұрақ қойыңыз. Кейде адам нақты затты қалағанымен, оның артында басқа қажеттілік, мысалы, мойындалу немесе қоғамның назарын аудару тұрғанын түсінбейді. Мұны түсінген кезде, әрекеттер де бейсаналы түрде дұрыс бағытқа қойылады. Мысалы, бір танысым «қымбат көлік алғым келеді» деді. Түсінуімше оған көлік емес, мойындалу керек екен. Яғни, ол көлікті емес, сол көлік арқылы берілетін қоғамның назарын қалаған. Айтпағымыз, ниетіңіз қиыс кетсе, орындалуы екіталай…

Жоспар құрудың мәні – жүйелілік пен тәртіпті қалыптастыру. Жоспарсыз өткен күн көбіне бейберекет әрекеттермен, орындалмай қалған міндеттермен аяқталады. Күнделікті күйбең тіршілікте уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалатын сәттер жиі кездеседі. Бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінетін істер жинала келе үлкен салмаққа айналады. Ал жоспарлы адам әр күнін саналы түрде өткізіп, өз мүмкіндігін толық пайдаланады. Нақты жоспар адамның уақытты тиімді пайдалануға, артық энергияны шашпауға және эмоционалды тұрақтылыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Қаржылық жоспар – жаңа жылдағы ең маңызды бағыттардың бірі. Кейбір адамдар жаңа жылды қарызсыз қарсы алуды әдетке айналдырған. Бұл – жай ғана ырым емес. Бұл адамның өзіне бейсаналы түрде «бар ауыртпалық ескі жылмен қалсын» деп миға беретін бағдарламасы. Бәлкім ол да дұрыс түсінік. Алайда алдағы жылға жоспар құрарда мамандардың кеңесіне құлақ түріп, SMART қағидасына сай нақты және мерзімі белгіленген мақсаттар қойған жөн. Мысалы ай сайын табыстың 10 пайызын жинаққа аудару немесе бір жыл ішінде шығынды 20 пайызға қысқарту керек. Табысыңызды және шығыныңызды санаттарға бөліп жазу, артық шығынды анықтау – қаржылық сауаттылықтың негізі. Бюджет құру үшін 50/30/20 қағидасын пайдаланыңыз: 50% негізгі қажеттіліктерге, 30% жеке қалауларға, 20% жинақ пен инвестицияға.

Көпшіліктің ішкі тілегі ұқсас келеді. Оның басым бөлігі қаржылық тұрақтылыққа жету, табысты болу, еркін өмір сүру екені жасырын емес. Бірақ «бай боламын» деген ниеттің жалғыз өзі жеткіліксіз екенін ұмытпаңыз. Ол үшін нақты жоспар, жүйелі әрекет және тәртіп қажет. Ақша мақсат емес, ол – мақсатқа жетудің құралы екенін түсіну маңызды.

Қаржы қорын қалыптастыру да шешуші рөл атқарады. Мәселен, 1 миллион теңге жинауды мақсат етіп, оны ай сайын, апта сайын немесе күн сайын жүйелі түрде жинауға болады. Нақтырақ айтсақ, күніне 2 740 теңгеден жинаңыз, ол тиімді болмаса аптасына 19 240 теңге немесе айына 83 400 теңгені жүйелі түрде жинақтау шотыңызға салып отырсаңыз мақсат еткен миллионды жинауға мүмкіндігіңіз бар. Ақшаны жинау үшін автоматты аударым орнатып, қосымша табыс көздерін қарастырыңыз және эмоциямен жасалатын артық шығыннан бас тартыңыз. Мұндай сәтте «минимализм» заңдылығына сүйену де барынша тиімді болмақ. Мәселен әлденені сатып алар сәтте «бұл зат маған дәл қазір қажет пе?» деген сұрақты өзіңізге қойып көріңіз. Сондай-ақ, ақшаны тек жинау жеткіліксіз – оны жұмыс істету қажет: банктік депозиттер, акциялар мен облигациялар, жеке бизнес немесе стартаптарға инвестиция жасау арқылы қаржылық тұрақтылықты күшейтуге болады.

Өзіңізді марапаттауды ұмытпаңыз. Әрбір шағын жетістік – үлкен нәтижеге жетудің қадамы. Бірақ марапат жоспарға зиян тигізбеуі керек. Эмоцияны басқару – қаржылық мәдениеттің маңызды бөлігі.

Жаңа жылды жоспарлау тек қаржыға ғана қатысты емес, жеке даму, денсаулық, отбасы мен әлеуметтік қатынастар үшін де маңызды. Яки материалдық жетістікке ғана емес, рухани құндылыққа да уақыт таба білген жөн. Оның бірден-бір жолы – кітап оқу. Жүйелі түрде кітап оқуды әдетке айналдырған адам үшін кітап – білім көзі ғана емес, ойды сергітетін, ішкі әлемді байытатын серік. Жыл бойы кітап оқуды жоспарлау мен оны тұрақты әдетке айналдыру үшін бірнеше қарапайым, бірақ тиімді қағиданы ұстаныңыз. Ең алдымен, нақты мақсат қоя біліңіз. «Жылына 12 кітап оқимын» немесе «Айына бір кітап аяқтаймын» деген секілді өлшемді мақсат оқу процесін жүйелейді. Жүктемеңіз тым ауыр болмауы керек, бастысы – орындалуы мен сіздің күнделікті өмір ырғағыңызға сай болуы қажет.

Екінші маңызды қадам – уақыт белгілеу. Күніне 20-30 минут оқу да жеткілікті. Таңертеңгі тынышсәт, түскі үзіліс немесе ұйқы алдындағы уақытты кітапқа арнау – оқуды тұрақты әдетке айналдырады. Уақытты нақты бекіту жүйеліліктің негізі болмақ.

Үшіншіден, кітап таңдауда әртүрлілікті сақтаңыз. Бір ғана жанрмен шектелмей, көркем әдебиет, танымдық, өмірбаян немесе мотивациялық кітаптарды алмастырып отыру қызығушылықты жоғалтпайды. Оқыған кітабыңыз сізді жалықтырса, оны кейінге қалдырудан қорықпаңыз. Бастысы, оқу процесі ләззат сыйлауы керек.

Төртіншіден, оқығаныңызды түртіп алуды әдетке айналдырыңыз. Арнайы блокнотыңызға немесе күнделікке қысқаша ой-түйін жазу, тізім жасап отыру өзіңізді ынталандырады. Бұл әдіс оқудың нақты нәтижесін көруге мүмкіндік береді.

Кітапты жыл бойы жүйелі оқу – бір күндік әрекет емес, біртіндеп қалыптасатын дағды. Кішкентай қадамдардан басталып, нақты мақсат пен тұрақты уақыт арқылы бұл әдет өміріңіздің ажырамас бөлігіне айналады.

Өз-өзіңізді зерттеу де маңызды екенін есте сақтаңыз. Жеке қасиеттеріңізді, қызығушылықтарыңызды және күшті жақтарыңызды таныған сайын мақсаттарыңыз да жаңарады. Ал жаңару өмірді саналы түрде жоспарлау, шектеу емес, мүмкіндіктерді дұрыс пайдалану жолы.

Ғалымдар дәлелдеген қызықты дерекке көз жүгіртсек. Қаржылық жоспары бар адамдардың 72%–ы өз мақсатына жыл сайын жету мүмкіндігі мол екені дәлелденген. Ал ай сайынғы табыс пен шығынын жазып жүретін адамдардың 65%–ы қаржылық тұрақтылыққа тезірек жетеді екен. Сондай-ақ қаржы қорын жүйелі түрде жинағандар 5 жыл ішінде орташа табысын 2 есеге көбейтсе, мақсатын нақтылап, кезең-кезеңмен орындау өнімділікті 40%-ға арттыратыны анықталған. Ал күніне 10 минут өз-өзіне есеп беру және жоспарлау дағдыларын меңгерген адамдардың психологиялық тұрақтылығы 30%-ға жоғарылайды екен.

Статистика көрсеткендей, жоспарлы және саналы әрекет ету адамның қаржылық, психологиялық және әлеуметтік өміріне оң әсерін тигізеді. Әрдайым жылдық, айлық, апталық және күндік нақты жоспар құрып, сол жоспарға сай әрекет ету – табысты адамдарға тән басты ерекшеліктердің бірі. Нақты жоспары бар адам өз өмірінің бағытын айқын түсінеді: ол не қалайтынын, оған қашан және қалай жету керектігін біледі.

Қорыта айтқанда, жоспар – табысқа жетелейтін қарапайым, бірақ аса маңызды әдет. Өз уақытына ие бола білген адам өз өміріне де ие бола алады. Жаңа жыл – жаңа өмір, жаңа жоспар және жаңа мүмкіндік. 2026 жылды қаржылық тұрақтылық пен рухани даму, табыс пен бақыт бастауы деп қабылдаңыз. Бүгін жасаған шағын қадамыңыз ертең үлкен нәтижеге айналуы мүмкін. Арманыңызға жету үшін қазірден әрекет жасаңыз, мақсатқа жету жолында тұрақтылық пен жүйелілікті сақтағаныңыз абзал.

Жаңа жыл сәттілік пен табыс әкелсін!

Тілек ҚАБЫЛ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!