Фото: коллаж

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматының әскери бөлімінде 4 ай комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтар шетелде емделуі мүмкін екенін айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Науқастың (сарбаз Ербаян Мұхтар) денсаулығы бақылауымызда. Ол миынан ауыр жарақат алған. Науқасқа операция жасалды. Одан кейін науқас нейрохирургия орталығында 26 күн оңалтудан өтті. Тиісті ұсыныстармен науқас үйге шығарылды. Бүгінде науқасқа емхана мен денсаулық сақтау басқармасының медициналық қызметкерлерінің бақылауымен жергілікті деңгейде тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – деді Ақмарал Әлназарова Үкіметтің баспасөз орталығында.

Министр сарбаз Ербаян Мұхтар шетелде емделуі мүмкін екенін айтып қалды.

«Біз науқастың анасымен байланыстық. Оңалтуға жолдама дайындалды. Алайда шетелдегі клиникалар (науқасты қабылдайтынын-қабылдамайтынын) растаған жоқ.

Ата-аналар іздеп жатыр. Біз өз тарапымыздан оңалтуды жалғастыруға дайынбыз. Кеше ғана консилиум өткізілді. Қорғаныс министрлігінің күшімен емдік массаж жасайтын маман, медбике жұмыс істеп жатыр. Бүгінде Денсаулық министрлігі тарапынан тиісті көмек көрсетіліп жатыр», – деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, ата-аналар тарапынан келісім болса, министрлік стационар жағдайында оңалтудың екінші кезеңін бастауға дайын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!