Фото: сюжет кадрларынан
Ұлытау облысының медициналық мекемелерінде 4 айдың ішінде 12 бала көз жұмған. Олардың жартысы – сәбилер. Марқұмдардың туыстары наразылық білдіріп, жағдайға дәрігерлерді кінәлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сәтбаев тұрғыны Сәуле Байекенова ақпан айында қызы мен жаңа туған немересінен айырылған. Айтуынша қызы 30 қаңтарда толғақпен ауруханаға түскен. Алайда босану кезінде баласынан айырылып қалған. Ал кейін үйге шыққан әйелдің жағдайы нашарлай түскен.
“Денесі доп сияқты ісіне бастады. Тіпті тамақ жей алмай қалды. 12-күні күйеу балам ауруханаға барып, оны қарату үшін Қарағандыға жіберуін талап ете бастады”, – деді Сәуле Баекенова.
Айтуынша кейін қарағандылық дәрігерлер келіншекті бірден жансақтау бөліміне жатқызған. Ол жерде әйелдің жүрегі екі рет тоқтап, үшіншісінде науқас көз жұмған.
“Ол жақтағы мамандар маған «дәрігерлеріңіз қайда қарады”, деп дереу шұғыл түрде ұшақпен болсын жеткізуі керек болғанын жеткізді», – Сәтбаев қаласының тұрғыны Сәуле Баекенова.
Тағы бір тұрғын Салтанат Байсалбаева қызы Дарияны небәрі бір жас 7 айында жерлегенін айтады. 3 наурызда нәресте құса бастаған. Кейін ата-анасы жедел жәрдеммен баланы Сәтбаев қалалық ауруханасының инфекциялық бөлімшесіне жеткізген.
“Дәрігер жағдайдың тұрақты екенін айтып, инъекция жасап, бізді үйге қайтарды. Келесі күні таңертең емханаға қайта барғанымызда баланың жағдайын көрген инфекция бөлімінің дәрігері оны қабылдаудан бас тартып, жансақтау бөліміне жатқызды. Ал жағдай қиындаған кезде дәрігерлер тіпті қандай ем тағайындайтынын білмеді”, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Салтанат Байсалбаева.
Қазір Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы сапаны бақылау комитеті іс жүргізіп жатыр. Ата-аналардың өтініші бойынша құқық қорғау органы да қосылған.
“12 жағдайдың ішінде Ұлытау облысының медициналық ұйымдарында 1 жасқа дейінгі балалардың 6 өлімі тіркелген. Олардың 50%-ы тыныс алу органдарының аурулары (пневмония), перинаталдық кезеңнің 33%-ы, 17%-ы (1 жағдай) туа біткен ақау (қолқа аномалиясы). Қалған 6 жағдай Астана қаласының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында тіркелді. Онда пациенттер жағдайдың ауырлығына қарай ауыстырылады”, – деді Ұлытау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Бейсембаев.
Облыс полиция департаменті биыл сәби өлімі фактілері бойынша үш қылмыстық іс тіркелгенін, оның екеуі ата-анасының өтініші бойынша тіркелгенін хабарлады. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!