Дүниеге келген 650 грамдық шақалақ. Кейінгі айда әлеуметтік желілерде ерекше бейнежазба кең тарады. Онда кішкентай сәби ақ халатты дәрігердің алақанында бал-бұл жайнап күлімсіреуде. Бір қарағанда жан жылытатын қарапайым көрініс. Бірақ бұл сәттің артында бүтін бір тағдыр, күрес пен кәсіби борыш жатыр.

Бұл оқиға осыдан төрт жыл бұрын орын алған. Дәрігерлер үшін күнделікті жұмыстың бір бөлігі болса да, өмір мен өлім арасындағы сол күрес енді ғана көпшілікке белгілі болды.

Оқиғаны ретімен баяндасақ, Алматыдағы аурухананың біріне жүктіліктің 25 аптасында жас келіншек түседі. Дәрігерлер іштегі нәрестенің жүрек соғысы баяулап кеткенін байқап, шұғыл кесарь тілігін жасауға шешім қабылдайды. Ота сәтті өтеді. Бірақ дүние есігін шақалақ тым әлсіз, өкпесі толық дамымағандықтан, өздігінен тыныс ала алмаған. Әрине, мұндай сәтте әр минуттың қадірі арта түспек.

Сәбидің өмірі үшін күрескен дәрігерлердің бірі неонатолог Берік Алдияров та сол сәтті әлі күнге дейін ұмытқан емес. Себебі анасы бас тартқан 650 грамдық шақалаққа ол 3 айға жуық уақыт күтім жасаған. Дәрігердің айтуынша, анасының құрсағында егіз бала болған. Алайда олардың бірінің жүрегі тоқтап, шетінеп кеткен.

– Алғашқы күндер өте ауыр болды. Әр сағат сайын жүрек соғысын қадағалап, анасының ішіндегідей жылулықты сезіндіру үшін денесін жылыттық. Бірнеше аптадан кейін сәбиіміз күш жинап, өздігінен тыныс алуды үйренді. Біз оның жетістігіне жан-тәнімізбен қуандық. Сол сәтте мен көз жасымды ұстай алмадым, – деді ол.

4 жыл бұрынғы оқиға: өлімге шақ қалған шақалақ

Сұхбаттарының бірінде Берік Алдияров балаға қатты бауыр басқанын айтты.

– Нәресте біздің бөлімде 2,5 ай жатты. Осы уақыт аралығында орталықтағы әр маман Полинаға бауыр басты. Балаға қажетті заттарды әкеліп, әріптестеріміз де өте жақсы күтім жасады. Бірте-бірте тыныс алу қабілеті қалыпқа келіп, салмағы артты. Жағдайы жақсарған соң, оны нәрестелердің патологиясы бөліміне ауыстырдық. Біз өміріне қауіп төнбеген жағдайда балалар үйіне ауыстырамыз. Бала төрт айға жетпей сол жерге жіберілді. Бір ай өткен соң оны жақсы отбасы асырап алды. Қазір оның жағдайы өте жақсы. Иә, алғашында сәбиді Полина деп атадық. Қазіргі есімі басқаша екен, – деп бөлісті дәрігер.

Әлқиссада айтқандай, бұл оқиға 4 жыл бұрын болған. «Қиын кезеңді өткеріп жүрген адамдарға үміт сыйлау үшін әлеуметтік желіге видеоны жүктедім» дейді Берік.

– Дүние есігін ашқан бойда қиындыққа тап болған кішкентай ғана шақалақтың хикаясы, оның өмір сүруге деген талпынысы мен ынтасы басқа адамдарға үлгі болса екен, – деп қорытындылады ол.

Тақырыпқа қатысты мәлімет болсын, әлемде 15 миллионға жуық шақалақ шала туады. Бұл шамамен жаңа туған нәрестелердің 10 пайызын құрайды. Ал елде жылына 20 мыңнан астам бала уақытынан ерте дүние есігін аш ады.

Айта кетейік, Берік Алдияров жуырда «Ел жанашыры» төсбелгісімен марапатталды. Оның адам өмірін сақтаудағы жанқиярлығы қоғамдағы шынайы мейірімділіктің үлгісіне айналды.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!