Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 5 маусым – республикалық референдум өтетін күнi облыс орталығындағы маршруттарда жолаушыларды тегiн тасымалдауға шешім қабылданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізде 5 маусымда Конституцияға енгізілетін өзгерістерге байланысты республикалық референдум өтеді. Осыған орай, Атырау қаласында және шаһар маңындағы елді мекендерге қатынайтын қоғамдық көліктердің барлық маршрутында жолаушылар тегін тасымалданады. Әкімдік пен жолаушы тасымалдайтын кәсіпорындардың ортақ шешімімен қабылданған бұл мүмкіндікті жас айырмашылығына қарамастан қала тұрғындары мен қонақтарының бәрі пайдалана алады», – деп мәлім етті әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қазір Атырау қаласында бірнеше кәсіпорын жолаушылар тасымалымен айналысады. Оның ішінде екі автопаркте 220 автобус бар. Мәселен, былтыр «Ақжайық Автопарк» ЖШС өз қаржысына қоршаған ортаны ластамайтын 160 жаңа экоавтобус сатып алған. Метан газымен жүретін автобустардың қозғалыс уақыты 7 бағытта жеделдетілді. Бұрын қамтылмаған 3 бағытқа автобустар шығарылды. Ал, 200-ден астам автобус мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттілігі үшін толық бейімделген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын 22 наурызда атыраулықтар автобуспен тегін жүргенін хабарлаған болатынбыз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!