Халықаралық еріктілер мектебінің түлегі, Нұрасыл ЖАСҰЛАНҰЛЫ:

Құрметті еріктілер мен волонтерлік ұйым өкілдері! Сіздерді 5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күнімен құттықтаймын! Бұл мереке сіздердің қоғамның ортақ мүддесі үшін жасап жатқан игі істеріңізді ерекше атап өтетін күн.

Қазақстандағы еріктілердің еңбегі әрдайым ерекше құрметке лайық. Сіздер өз уақыттарыңызды, күш- жігерлеріңізді аямай, қоғамның түрлі салаларында аянбай қызмет етіп келесіздер. Әсіресе пандемия кезінде денсаулық сақтау саласында, табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар орын алғанда көмек көрсетуде, экологиялық мәселелерді шешуде және біршама әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда сіздердің үлестеріңіз зор.

Облысымызда волонтерлық қарқынды дамуда. Өңірлік еріктілер республикалық және халықаралық жобаларға белсенді қатысып, жыл сайын өтетін республикалық жазғы волонтерлер мектебі, халықаралық «Жыл волонтері» сыйлығы мен «Игі істер» марафоны секілді ауқымды жобаларда үздік нәтиже көрсетіп келеді. Біздің еріктілердің мейірімділігі, жауапкершілігі және ынтымақтастығының арқасында көптеген адамның өмірі жақсарып, қоғамның бірлігі артуда. Бүгінгі мереке күні сіздерге алғыс айтып, игі істеріңіз жалғасын таба берсін дегім келеді!

5 желтоқсан - Халықаралық еріктілер күні

«Enactus» ұйымының төрағасы, Ғұбайдулла ОРЫНБЕКОВ:

Еріктілік − қоғамдағы маңызды мәселелерді шешудің тиімді құралы. Волонтерлік қозғалыс арқылы қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді азайтып, адамдар арасында бірлік пен сенімді нығайтуға болады. Ең бастысы − қолдау көрсетіп, қиын жағдайға тап болған жандарға көмек береді.

Еріктіліктің тек көмек көрсетумен шектелмейтінін түсінген маңызды. Себебі ол жастардың тұлғалық дамуына, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, жауапкершілік сезімін арттыруға да ықпал етеді. Волонтер болу − үлкен жауапкершілік және қоғамға пайдалы болудың керемет мүмкіндігі.

Егер сіз ерікті болғыңыз келсе, келесі кеңестерді ұстануға кеңес беремін. Өзіңізге жақын саланы тауып, сол бағытта жұмыс істеңіз. Уақытты тиімді басқаруды үйреніңіз. Еріктілік тек жеке еңбек емес, ол ұжымдық күш. Сондықтан командамен жұмыс істеуге дайын болыңыз. Көмек көрсетуден қуаныш табыңыз. Еріктілік сізді рухани байытып, өміріңізге ерекше мән береді.

5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күні. Барлық волонтерді мерекемен құттықтаймын! Сіздердің еңбектеріңіз қоғамдағы оң өзгерістерге жол ашуда. Жасаған істеріңіз қайырымдылық пен жақсылықтың нағыз үлгісі.

Дайындаған Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!