Фото: Жас Алаш
Зауыттың жұмысшылары оның видеосын Jas Alash редакциясына жолдаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Аралтұз» АҚ-ның күзетшісі Мейрамбек Баубековтың айтуынша, мекеме директоры жақын маңдағы әжетхананы қолданбай, тұз қоймасына дәрет сындыруды әдетке айналдырған.
«Оған бұл ісі болмайды, жақын жерде әжетхана бар ғой» деген сияқты жұмсартып айттық. Бастық қой. Қатты айта да алмаймыз. Әйтпесе, шамамен 50 метр жерде әжетхана бар. Соған бармайды. Тұз деген ас қой, асқа дәрет сындырғанды қалай түсіндіресіз. Енді соны айтқан едім. Мені қудалап жатыр», – дейді күзетші.
Зауыттың тағы бір қызметкері бұл ақпаратты растап, мекемеде тазалық талаптары сақталмайтынын мәлімдеген. Оның айтуынша, жұмысшыларға арнайы цехқа арналған киім мен аяқ киім берілмейді. Олар әжетханаға киіп барған аяқ киімдерімен жұмыс істей береді.
Ал директордың бұл әрекеті бейнеленген видео тарап кеткен соң, жұмысшыларға қысым күшейген. Арал қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тазалық ережелерінің бұзылуына байланысты цех басшылығына айыппұл салғанымен, жағдай түзелмеген.
Мақала авторы зауыт басшысы Серік Қадыкешовтың тұзға дәрет сындырғанын мойындамағанын хабарлайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!