Алматы тұрғындары жерлеу рәсіміне арналған жердің қомақты қаражатқа сатылып жатқанын мәлімдеді. Олардың сөзінше, тегін жерді сатып жатқан кәсіпкерлерге шектеу енгізу керек. Дегенмен қаладағы зират әкімшілігінің өкілдері қызмет құнынан басқа төлемдер жоқ екенін айтып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Азаматтардың айтуынша, соңғы уақытта зираттағы жер телімі қымбаттап кеткен. Бірақ мұндай жерлер мемлекеттен тегін беріледі дейді.
Кеңсай қорымы – қаладағы танымал орындардың бірі. Мұнда елге белгілі тұлғардың біразы жерленген. Кеңсай-1 зираты толы, Кеңсай 2-нің де жыл санап ауқымы кеңейіп келеді. Зират әкімшілігі тұрғындардың сөзі шындыққа жанаспайды деп отыр. Тек қызметін төлесе, белгіленген жерді тегін беріледі екен.
“Бізде жер сатылмайды. Тек еңбегі үшін ғана төлейді, соған жабатын плитамыз бар. Халыққа, елге беріп жатқан жерлер бар арнайы. Сол жерден береміз барлығын”, – деді Кеңсай зираты әкімшілігінің қызметкері Қалихан Игіліков.
Қазіргі уақытта қала бойынша 70 зират бар. Бірақ олардың басым бөлігінде жер болмаған соң жабылып қалған. Бүгінде үлкен екі қорым қалған: Кеңсай мен Батыс зираты. Бұл жаққа жақындарын жерлегісі келгендер мемлекетке 94470 теңге төлеуі тиіс. Ол жер қазу, мәйітті түсіру мен оны жабуға кетеді. Ал кіші қорымдардың қызмет құны бұдан арзан.
“Бізде жерлеу рәсіміне байланысты әртүрлі сомалар алынады. Атап айтар болсақ мұсылман және христиан дінінің өкілдері үшін екі түрлі баға қойылған. Кіші зираттарда мұсылмандар 60 700 теңге төлесе, ал христиандар 57000 теңге төлейді. Себебі ол жерде ақым қазылмайды”, – деп мәлімдеді Алматы қаласы салттық қызмет көрсету комбинаты директорының орынбасары Марат Исмаилов.
Жауапты мамандар қазір қалған орындарды көпшілікке үлестіріп жатқанын айтады. Егер қара жамылған отбасыдан қандай да бір ақы талап еткендер болса, нақты дәлелімен құзырлы орган өкілдеріне арызданса болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!