Фото: Ашық дереккөзден

Блогер Аршат Ораз жұртшылық назар аудара қоймайтын мәселені қозғады. Ол әдетте, адамдар қолданбай кететін банк картасы кейін проблема туғызуы мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлады Ulysmedia.kz.

Блогердің жазуынша, банк картасы қолымызда жүре бермейді. Үйде жатып қалады. Ал, банктер клиентке өз картасын ұсынған күннен бастап жылдық қызмет ақысын алады. Ол уақытында төленбей, ұмыт қалатын болса, оның иесі кейін белгілі бір мерзімге дейін кредит ала алмай қалуы мүмкін. Бір қызығы, банктер төленбей жатқан қарыз барын клиентке ескертпейтін көрінеді. Соңында жылдар бойы жиналып жатқан өтеусіз қарыз азаматты берешек етіп, несие тарихына «қара дақ» түсіреді дейді автор. Ол өз басынан өткен жағдайды баяндай келе, білместіктен картаның қызмет ақысынан жиналған 66₸ (алпыс алты теңге) қарызды 2,5 жыл төлемей келгеніне көз жеткізгенін айтады. Сол қарыз автордың несие тарихын бүлдіріп, енді несие, ипотека ресімдей алмай жүр. Енді солай 5 жыл «жіпсіз байлануға» мәжбүр. «Жаза» – қатал.

– Дәл осындай жағдай жақында бір досымның да басына келіпті. Ипотека алатын кезде ғана біліпті. Енді ол да аяқталу мерзімін күтуі керек. Осылайша талай адамның өмірдегі жоспары өзгереді, түрлі кедергілерге қалады. Қарыздың осы түрін қаржыны бақылайтын мекемелер қайта қарастыруы керек. Қарыз сомасына қарай жазасы да басқаша болуы керек. Мысалы неге 1 тг мен 1 млн тг қарыздың жазасы бір? Осыған жауап іздеймін. Бәлкім @qarzhylyq_sauat жауап табуға көмектесер? – деп жазады блогер.

«Қаржылық сауат» телеграм-арнасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сауал жолдап көруге әрекет ететінін хабарлайды. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!