Қазақстанда 780 мың адам ең төменгі жалақы – 85 мың теңге алып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министрдің сөзінше, ірі кәсіпорындардың бір бөлігі салықтан жалтару үшін жалақыны «конвертпен» береді. Ресми статистика бойынша, 329 мың қазақстандықтың табысы тіпті 85 мың теңгеден де төмен.
«Жүргізген талдауға сәйкес 329 мың азамат 80 мыңнан төмен айлық алып отыр. Талдаудан не байқадық? Жұмыс берушілер тек келісімшартпен жұмысшыларды алып, бірнеше сағат қана жұмысқа тартқан. 780 мың азамат 85 мың теңге айлық алып отыр. Бұның ішінде бірнеше санат бар. Біріншіден, ірі кәсіпорындар салықтан жалтару үшін атаулы жарналар, атаулы төлемдерін азайту үшін 85 мың теңгені төлеп, басқасын конвертпен береді. Негізі ең төменгі жалақыны ауыл шаруашылығы саласындағы адамдар алып отыр», — деді министр.
Алайда Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова «Аманаттың» есебін келтіріп, 85 мың және одан төмен айлық алатындар саны 1,8 миллионға жететінін айтты. Бұл дерекпен министр Жақыпова келіспеді. Оның пайымынша, азаматтардың зейнетақы жарналары бойынша ресми мәліметтер шынайы жағдайды көрсетіп тұр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!