Ол – небәрі сегіз жаста. Бірақ ойы ересектерден озық, сабырында салмақ бар. Әлемнің үздік шахматшыларының өзін таңғалдырған астаналық бүлдіршін Алиша Бисалиева бүгінде қазақ елін ғана емес,әлем назарын өзіне аударды. Тақта үстіндегі әр жүрісін есеппен жасайтын кішкентай данышпан әлемдік рекорд орнатты.
Алиша сұхбаттарының бірінде: «Менің арманым – әйелдер арасындағы шахматтан әлем чемпионы атанып, ең жоғары атақ – гроссмейстер болу. Бұл жол жеңіл емес екенін білемін, бірақ мен үшін шахмат тек ойын емес, ол – ойлаудың, өмірді түсінудің тәсілі. Маған әсіресе классикалық шахмат ұнайды, себебі стратегиялық тұрғыда ойланасың. Әрі әр қадамың есепке негізделеді. Шахмат мені сабырлы болуға, асықпай шешім қабылдауға үйретті. Стратегиялық тұрғыда ойланғанда тек қарсыласты емес, өз-өзіңді де жеңу керек екенін түсінесің», – деді Алиша байыппен.
Бала жүрек, дана ойлы Алиша бүгінде көп ұл-қызға үлгі. Ол Бибісара Асаубаева сияқты қазақтың мықты шахматшыларына қарап бой түзеп келеді. Ал алдағы мақсаты − ересектер арасындағы әлемдік рейтингке ену. Дарынды оқушы осы уақытқа дейін 51 партия шахмат ойнаса, оның екі ойынын тең аяқтаған. Тек бір рет жеңілген. Әр партия жаңа әлем болса, әрине, әр жүріс – үлкен жауапкершілік. Ал шахматқа деген қызығушылығының артуына отбасының да үлесі зор. Алишаның ағасы да спорт саласында бірнеше жетістікке жеткен болашақ жұлдыз. Бес жасында шахмат тақтасына алғаш отырған кішкентай қыз жарты жыл өтпей жатып-ақ жеңістің дәмін татқан. Сол сәттен бастап Алиша үшін шахмат өмірінің бір бөлігіне айналды.
– Әр жарысқа тыңғылықты дайындық қажет. Бала болған соң кейде ойнағысы келеді, кейде шаршайды, ауырып та қалады. Бірақ біз бәрін еңсердік. Оның бойында ерекше намыс бар. «Қазақ еліне жеңіс сыйлаймын» деп өзі алға ұмтылады. Біз тек қолдау көрсетеміз. Бар еңбегі мен табандылығының арқасында осындай жетістіктерге жетіп отыр, – дейді әкесі Жұмабек Бисалиев.
Жасөспірімнің қабілетін шыңдауға көмектескен жаттықтырушысы Ержан Шакенов10 жастағы оқушылар арасындағы Қазақстан чемпионатына дайындалып жатқанын айтты.
− Біздің мақсатымыз – Алишамен бірге тек әйелдер арасындағы әлемдік шахмат рекордын жаңарту ғана емес, сонымен қатар әйелдердің де лайықты түрде бәсекелесе алатынын бүкіл әлемге дәлелдеу, – деді ол.
Бүгінгі бала кейіпкеріміздің есімі ертең әлем мойындайтын үлкен есімге айналатыны сөзсіз. Өйткені табандылық пен талант қатар өрілген жерде жеңіс те алыс болмайды.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!